RU

Көзінің қиығын өзгертуге құмар қазақ қыздары қаптап кетті

Жас астаналық арулар өмірге деген көз қарастарын тікелей мағынада өзгертуге кіріскен.

Қазір хирургияның көмегімен көзінің қиығын өзгерткісі келетін қандастарымыздың саны күн сайын арта түсуде, деп жазады forbes.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Бір қызығы, еуропоидтық нәсілді қыздар, керісінше, көздерін шығыс мәнерге өзгертуді сұрайды екен. Косметолог Валерия Вавилованың айтуынша, қабақты өзгерту операциясына қабағында ешқандай "қиянат" жоқ қыздардың өзі жиі жүгінетін көрінеді.

Медициналық қызметтің мұндай түрі блефаропластика деп аталады. Оның негізгі міндеті – көз айналасындағы кемшіліктерді жою.

"Бұрындары оған жасы қырықтан асқан келіншектер барып жатқанда, оларға қатысты ешқандай сұрақ туындамайтын, - деп әңгімеледі маман. – Ал бүгіндері ол тым жас қыздардың арасында дәстүрге айналған сияқты. Әрине, олардың арасында шынымен көзге көрінерлік кемшіліктерге бола осындай қадамға барып жататындар да бар, бірақ олардың саны тым аз. Көбі тек көздерінің қиығын өзгерту үшін пышақ астына түсіп жатады".

Косметолог атап өткендей, ондай сән қазір азиялық елдерде, әсіресе Жапония мен Кореяда кеңінен етек жайған. Олар үшін "көзің қаншалықты үлкен болса, соншалықты сұлусың".

"Әрине, көзін үлкейтетіндер мен кішірейтетіндердің тараптары әлі теңесе қойған жоқ, бастапқысы әлі басымырақ, - дейді Вавилова. – Алайда бәрі уақыт еншісінде, ертең-ақ екі тараптың теңесіп қалуы ғажап емес".

Мұндай операцияның құны 100 бен 150 мың теңге шамасында. Оның құны көзді қаншалықты үлкейту немесе керісінше, кішірейту деңгейіне байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/277845-kozinin-kiygyn-ozgertuge-kymar-kazak-kyzdary-kaptap-ketti.html