RU

"Жетім бұрыш" жабылудың аз алдында тұр

50 жылдан астам уақыт үйсіз жүрген халыққа жалдамалы баспана тауып берумен айналысып келген "жетім бұрыш" жабылудың аз алдында.

Көп жылдан бері маклерлермен күрес жүргізіп келген Медеу ауданының әкімшілігі діттегеніне "өгізді де өлтіріп, арбаны да сындырып" жеткен сыңайлы. Әйтсе де өздерінің қалай алданып қалғандарын білмей қалған делдалдар "өліспей беріспейміз" деп отыр. 

Жарты ғасырдан астам уақыт қоныс іздеп қаңғырған қазаққа жалға баспана тауып берумен айналысып келген "жетім бұрыш" "етікші етікке жарымастың" күйін кешуде. Былтыр ғана күшпенен көшеден қоршауға алынған нан комбинатының ауласына көшірілген маклерлер енді бұл жерден де қуылуда. Себебі социализм кезінде банкротқа ұшыраған өнеркәсіп орнын қалталы азамат сатып алып, жекешелендірген көрінеді.

"Гоголь көшесінің бойындағы, орталық оптом көкөніс сататын орынды жаптырыпты, сол орынның азаматтары осы жерге жайлап жайғасып жатыр. Сол үшін бізден босатуды талап етіп отыр", - дейді маклер Пернекүл Жамантаева.

Орнымызды өліспей беріспейміз - деп отырған делдалдар пана іздеген пақырлардың саны кемімей, жетім бұрыш жойылмайды - дегенге саяды. Расында да, қазақтың 60 пайызы қазір қалалық болды. Десе де Қазақстандағы тұрғын үй тапшылығы 28 миллион шаршы метрді құрап отыр. Бұл шамамен 400 мың отбасының жеке баспанасы жоқ - деген сөз. 

"Қазақстанда барлық қазақтар балаларын құшақтап жүр. Кеше айтты ғой, Департаментте отырған адам бүкіл өзінің 12 туысын пәтермен қамтамасыз еткен. Жас қырқынан шықпаған баласымен алдыңа келгенде жүрегің ауырады, кім? Қазақ", -  дейді маклер Бақыт Есімбекова.

Ал Медеу ауданының әкімшілігі сұхбат алуға келген өзімізді үрке қабылдады. Әдеттегідей әкім жиналыста, орынбасары орнында жоқ -деп қысқа қайырды.

Өкінішке қарай, әкімдеріміз камераға қарап сөйлеуден қайын ағасының бетіне тіке қарай алмайтын келіндердей қорқады. Ал, біз жауап күтуге әзірміз. 

Баспанасыз, сансырап жүрген халықты үймен жарылқамай жатып, "жетім бұрышты" жаппаққа ұмтылған шенділердің бұл амалы халыққа мүлдем түсініксіз. Себебі үйсіздердің мекеніне айналған "жетім бұрыш" жалға болса да, қазақты баспанамен қамтамасыз етіп отырған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/286414-zhetim-byrysh-zhabyludyn-az-aldynda-tyr.html