RU

Жас шахматшы Жансая Әбдімәлік әлемді тағы да бағындырды

Еліміздің жас шахматшысы Жансая Әбдімәлік Чехияда BRNO OPEN 2013 халықаралық турнирінде жеңімпаз атанды.

Бұл жарысқа әлемнің 14 елінен 70-ке жуық спортшы қатысты. 20 жасқа дейінгі қыздар арасынан әлемнің вице-чемпионы атанған жерлесіміз 7,5 ұпай жинады.

Қазақтың дарынды қызы Жансая Әбдімәлік әлемді тағы да бағындырды. Швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған турнирге әлемнің 14 елінен 70-ке жуық қатысушы келді, олардың арасында алты халықаралық дәрежедегі және бес ФИДЕ шебері бар. Жерлесіміз мүмкін болған 9 ұпайдың 7,5-ін қоржынына салып, қарсыластарын қапы қалдырды.Сол арқылы Жансая әйелдер арасындағы гроссмейстер атануға мүмкіндік алды.

"Ерлер арасындағы халықаралық дәрежедегі байқауда жеңіске жетіп тұрғаным алғаш рет. Алты қарсыласымнан басым түсіп, үшеуімен тең ойнадым. ФИДЕ рейтингіндегі орным көтерілді", - дейді Жансая Әбдімәлік.

Бүгінде Жансаяның жаттықтырушысы – әлемге танымал Владимир Чучелов. Оның сиқырлы тақтаның қыр-сырын жетік меңгерген Фабиано Каруна, Аниш Гири сынды шәкірттері бар.

"Жансая ойын тақтасында еркін жүруі үшін тізеге отыруы керек болатын. Жасы 12-де еді. Ол турнир бойы 18,19,20 жастағы спортшылармен бақ сынасты", - деп көрсетті жаттықтырушысы Владимир Чучелов.

Шахматшы қыздың ендігі мақсаты – үздік үштікке ену. Сондай-ақ, ең басты арманы да бар. Жансая Әбдімәлік әйелдер арасында әлем чемпионы атанғым келеді дейді. 15 жасыма дейін осы шыңды бағындырсам деген арманымен бөлісті.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/294929-zhas-shahmatshy-zhansaya-ebdimelik-elemdi-tagy-da-bagyndyrdy.html