Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында асылтұқымды "Әулиекөл" сиырына алып мүсін орнатылды

Опубликовано:

Қостанай облысында әлемге танымал асылтұқымды "Әулиекөл" сиырына 3 метрлік алып мүсін орнатылды.

Бұл ескерткіш Әулиекөл кенті жанындағы тасжолдың бойына қойылды. 1962 жылы Әулиекөл ауданының Москелев ауылында жергілікті жағдайға бейімделген, ет бағытындағы асылтұқымды ірі қара өсіру қолға алынды. Отыз жылдық селекция жұмыстары жоғары нәтижеге қол жеткізді. 1992 жылы жаңа тұқымға "Әулиекөл" деген атау берілді деп хабарлайды 24 арна.

"Бұл тұқымның ерекшелігі – ет өнімінің молдығы. Ет шығарудағы стандарт 47% болса, бұл тұқым 60-70% береді. Бір тәулікте салмақ қосуы 1000-1200 граммға дейін жетеді", - дейді асылтұқымды мал зауытының директоры Зейнолла Жаңбыршинов.

Осы тұқымының сиыры 800 келіге, бұқасы 1-2 тоннаға дейін салмақ жинайды. Өнімділігі жоғары, суыққа төзімді әрі тез көбейеді.

Шаруашылық өткен жылдары "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 300 бас ірі қара сатқан. Әр бас орта есеппен 392 мың теңгеге бағаланған. Бұл шығынды өтеуге аздық етеді. Мал басына Үкімет бөлетін 12 мың теңге қаржы көмек болып отыр.

Кезінде 12 мың бас сиыр өсірген зауыттағы қазіргі ірі қара саны 3500-ге жуықтайды.

Шаруашылық басшысы тұқымды көбейту еліміз үшін пайдалы екендігін айтады.

"Осы тұқымға жататын мал басы көп болса, көбірек малды етке тапсырсақ деп ойлаймын. Малдың өзіндік құны арзан болса деген ой бар. Белоруссия 600-теңгеден сатса, біз 500-ден неге сатпаймыз? Бәріміз жұмылып, соған байланысты жұмыс істеуіміз керек", - денйді ол.

Асылтұқымды мал зауытының қазіргі міндеті – ұзақ жылдар бойы қол жеткізген тұқымның сапасын жоғалтып алмау. Ал отандық өнімге қойылған ескерткіш – оны шығаруда тер төккен ғалымдар мен қарапайым еңбектерлерге тағзым, асылтұқымды малдың ертеңіне деген сенім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/297074-kostanaj-oblysynda-asyltykymdy-euliekol-siyryna-alyp-mysin-ornatyldy/

pixel