RU

Қазақстанда арнайы жасақ сарбаздарының айлығы екі есе өсті

Өткен жылдан Қазақстанда арнайы жасақ қызметкерлерінің жалақысы кемінде екі есеге өскен.

Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді, деп хабарлады BNews.kz

"Бұл қызметке 60-70 мың теңге жалақы үшін ешкім келмейді. Мәселен, "арландықтар" шамамен 99 мыңдай, ал "Бүркіттің" сарбаздары 112 мың теңге алып келді. Сондықтан өткен жылдан бастап олардың жалақысын көтердік. Қазір "Арлан" жасағының сарбазы 257 мың, СОБР жасағының қызметкері 130 мың, ал "Бүркіттің" қызметкері 230 мың жалақы алады", - деді министр.

"Бұл жасақтардың қызметкерлерін біз шетелде оқытып келдік. Бірақ бұл өте қымбат. Осы жылға біз 5,3 млрд. теңге қаражат алдық. Бұл ақшаға алдағы үш жыл ішінде арнайы жасақтардың сарбаздары дайындалатын оқу орталығын салатын боламыз, - деп толықтырды Қасымов.

Қазақстанда төрт арнайы жасақ бар: "Арлан" 470 адамнан, "СОБР" 929 адамнан, "Сұңқар" 134 адамнан және "Бүркіт" жасағы 500 адамнан құралған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/297925-kazakstanda-arnajy-zhasak-sarbazdarynyn-ajlygy-eki-ese-osti.html