RU

"Келінде" ойнаған актриса фильмнен кейінгі өмірі туралы баяндады

Осыдан бес жыл бұрын бүкіл елді шулатып, сынның астында қалған "Келін" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Гүлшарат Жұбаева бүгінде аяулы жар, екі баланың мейірімді анасы болып отыр.

31 арна тілшілері Аида Боранбай атышулы "Келіннен" кейінгі келін Гүлшараттың тұрмысымен танысып, ашық-шашық сахналаған көрініске толы фильмнің оның өміріне қалай әсер еткенін біліп көрген еді.

Атышулы "Келін" фильмі көрерменге 2009 жылдың маусым айында жол тартқан еді. Режиссер Ермек Тұрсыновтың бұл туындысы шыға саласымен сынға ұшырап, қоғамды дүрліктірген болатын. Фильмге деген халықтың ызасы бір бөлек, жұрттың қызу талқысына басты рөлді сомдаған актриса Гүлшарат Жұбаева да түскен еді.

Актриса ашық-шашық, жалаңаш сахналанған көріністері үшін қоғамның талай әңгімесіне іліккен. Өнер үшін жасаған бұл құрбандығына жасы үлкендер "фильмнен кейін тұрмысқа шықпай қалауың да ықтимал" деген де. Алайда, Қарақалпақстаннан Алматыға арман қуып келген бойжеткенді бұл сөздер фильмге түсуден айныта қоймапты.

Алайда, уақыт бәрін өз орнына қойды. Гүлшарат бақытын тауып, тұрмысқа шықты. Бүгінде актриса бақытты әйел. Жантемір, Алина есімді бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ана.

"Келіннен" кейінгі өмірім келіндік қызмет етумен жалғасып жатыр. Бірақ бұл бақыттың дәмін тату үшін де кейбір қиындыққа төзу керек болды- дейді актриса.

Фильмге түскеннен кейін көзіне жас алып, жылаған сәттерін де есінен шығармапты ол. Гүлшарат болашақ жарын фильмнен кейін жолықтырған. "Келін" фильміне қатысты тақырып бұл отбасы үшін басында ауыр болатын.

Актриса: "Артынан өкіндім неге түстім деп, неше түрлі әңгімелер көбейіп кетті, жыладым", - деп еске алады өткен күндерді.

"Қызғаныш та болды, бәрі болды, әрине, басында қатты қызғандым", - дейді актрисаның жұбайы.

Қазір Гүлшараттың жары Жандос бәрін түсінген. Әйелін қолдаған жұбайы кино әлемімен өзі де таныса бастапты. Алайда ендігәрі Гүлшараттың өзі де, жұбайы да мұндай фильмдерге ешқашан жоламайтынын айтады. Бірақ өнер жолында самғауына кедергі келтірмеймін дейді жұбайы. Ал, Гүлшараттың ата-енесі оның өмірде үлкендердің батасын алған, нағыз ибалы келін екенін айтады.

Қазір актриса телехикаяларға түсіп, өзі жетекшілік ететін "Шабыт" би ансамбілін алға тартып, өнердегі өз бизнесін дөңгелетіп жүр.

Ал, "Келін" фильміне түскені үшін актриса қанша табыс тапқанын бес жылдың ішінде бірінші рет біздің арнаға ашық айтты. 2-3 ай түсірілім жұмыстары үшін оның нәпақасы 5-6 мың доллар шамасында болыпты. Бірақ түсірілім жұмыстары таулы аймақта өткен соң, тамақтануы дұрыс болмай, асқазанына зақым келіпті. Сөйтіп, бар тапқан-таянғанын жинап, ол Қытайға емделуге аттаныпты. Өнер құрбандықты тілейді деген осы болар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/299350-kelinde-ojnagan-aktrisa-filmnen-kejingi-omiri-turaly-bayandady.html