RU

Фариза Оңғарсынованың замандастары ақын жайында сыр шертті

75 жасқа қараған шағында дүниеден өткен ақын, халық жазушысы, қоғам қайраткері, қазақтың біртуар қызы Фариза Оңғарсынова қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шыншыл, өткір өлеңдерімен елдің ықыласына бөленді.

КТК арнасының хабарлауынша, ақын 2 жылдан бері аты жаман сырқатқа шалдығып, шетелде емделген екен.

Қазақ қара өлеңінің қабырғасын қайыстырған қайғы қатардағы оқырманға да оңдырмай соққы берді. Тасада жатып тас ату деген табиғатында болмаған, шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан ақын Фаризаның жалған дүниені тастай кеткені көптің көңілін күпті қылды. Көпшілік айтады Фариза туралы көп әңгіме, сырды ақтарады. Тек ақын Фаризаның өзі тіл қатпайды ешкімге енді..."Намысқойлық, ешкімді басыма шығармаймын деген мәселелер осы кішкентай кезімнен. "Жетім көңіл кекшіл" деген қазақтың мақалы бар, "сол әкесіздік пе, болмаса ар жағымда ешкімім болмағасын мені басынып тұр ма"? деген намысқойлық мені ерте сондай ызақор намысқой қылды", - деген еді сқхбаттардың бірінде.Бұл Фариза Оңғарсынованың ақын да адам кейпінде берген соңғы сұхбаттарының бірі. 1939 жылы Атырауда облысында дүние есігін ашқан ақын әкесінен жасында айрылды. Жетімдікті жазғыра сөйлейтіні де сол. Анасының жанарынан жас тамбауы үшін талмай оқып, тынымсыз еңбек етті. Ақын қыздың талантына тәнті болып, алғаш Алматыға әкелген Шерағаң болатын.

Қазір ауруханада жатқан Шерхан Мұртаза қарындасының қазасын тілшілерден естіді."Болгарияда студент жастардың шығармашылық кештері болды. Кездесулер болды мен сонда көрдім ақын ретінде. Фаризаға жетіп тұрған ақын жоқ қазір. Ерлер болсын әйелдер болсын", - дейді халық ақыны замандасы жөнінде.

“Лениншіл жас” газетіне жас ақынның өлеңдерін басқан да Шерағаң болатын. Кейін 1967 жылы Фариза Оңғарсынованың “Бұлбұл” атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.

Алатаудың баурайынан бас қала Астанаға аттанды ақын Фариза. Тек қара өлеңнің қалқасында қалмады, Парламентке депутат болып сайланып жұртының тағдыры үшін тартысқа түсті.

Жырымен миллиондаған жүректердің қылын қозғаған ақынның қара шаңырағына өнердегі, өлеңдегі, саясаттағы әріптестері келіп көңіл айтты.

"Фариза шын мәнінде бүкіл халықтық махаббатқа ие болып, оны өз көзімен көріп кетті. Бұл шын мәнінде өте сирек кездесетін құбылыс еді. Және Фаризаның ең басты бақыты да осында деп есептейміз. Фариза кете кеткенше ерлікпен арпалысты өмір үшін арпалысты", - дейді Әбіш Кекілбайұлы.

Ақын Фариза өмірден жалғыз өтті. Бірақ бұл да шын талантқа деген тағдырдың тосын сыны деп түйді қаламдас достары.

Бұған қатысты ақын Темірхан Медетбек "Ол жалғыздықпен өмір-бақи күресті. Жалпы ақын жалғыз, ақын ол шын ақын болатын болса ол әруақытта жалғыз. Дүниеден серіксіз өткені ол оның трагедиясы. Ол трагедия. Бірақ мен серіксіз өттім мен осыншалықты жалғызбын деген жоқ", - деген пікірде. “Не қасиет күтерсің бүгінгі елден, Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген. Айтар сөзін көмейге көміп қойып, Күн кешеді қорқумен, дірілдеумен”- деп жырлаған ақын қара домбырына да шебер шертті, іштегі нала-мұңын тысқа шығарды. Қатты қамықты да соңғы жылдары.

Менің кезім болды Оқжетпестің басына шығып содан секіріп өлсем бе екен деген. Сондай кездерім болды, Әйтеуір Құдай сақтап аман есен келе жатырмын

"Менің кезім болды Оқжетпестің басына шығып содан секіріп өлсем бе екен деген. Сондай кездерім болды, Әйтеуір Құдай сақтап аман есен келе жатырмын", - деген еді ақын бірде.

Фариза ақын ерен еңбегі үшін Құрмет белгісі, Парасат Ордені сынды бірнеше марапатқа ие. Қазақстанның халық жазушысы. Адамдығымен ақындығы параллель болған Фариза Оңғарсынованың жалған дүниедегі атағын тізсең тізімің түгесіледі. Ноқтаға басы сыймай кеткен өлеңнің ақтаңгері ол.

Фариза Оңғарсынованың қоштасу рәсімі Астана қаласындағы “Көрме” орталығында дүйсенбі күні сағат 10-да өтеді. Ақын Елордадағы ұлттық пантеонға жерленбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/299680-fariza-ongarsynovanyn-zamandastary-akyn-zhajynda-syr-shertti.html