RU

"Bi group" құрылыс компаниясы тұрғын үй бағасын 10%-ға көтеріп жіберді

"BI GROUP" алпауыт құрылыс компаниясы тұрғын үй бағасын 10 пайызға көтеріп жіберді. Алдағы бір жарым, екі ай ішінде тағы он пайыздық қымбаттау күтіледі.

Бұл туралы холдинг басшысы Айдын Рахымбаев біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында мәлімдеді. Компания жетекшісі баға көрсеткішін доллардың жаңа құнына сай есептеуге мәжбүр екенін айтады. Айта кетерлігі, әзірге 185 емес, бір долларды 175 теңге көлемінде есептеп отыр. Алайда бұл ұзаққа бармайды.

"1-2 ай ішінде көтеріледі деп санаймын.185- ке дейін көтеріледі деп санаймын. Себебі көреміз, қарап отырмыз, бензин бәрі қымбаттап жатыр. Бірнеше күн ішінде қымбаттау қандай болады, сондай болады. 20 пайыз ішінде болатын шығар", - деді Айдын Рахымбаев.

Айта кетерлігі, доллар бағамының өсуіне дейін, яғни 11 ақпанға дейінгі жасалған келісімшарттар өзгеріссіз қалады. Ал үй алмаққа енді бекінгендер, жаңа бағамен есеп айырысады. Шаршы метрлердің қымбаттауына шетелден келетін құрылыс материалдары бағасының өсуі әсер еткен.

Жалғыз "BI GROUP" емес, өзге компаниялар да шаршы метрлердің бағасына үстеме қосады. Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы қызметін қатар алып жүрген Айдын Рахымбаев мұны да атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/302411-bi-group-kyrylys-kompaniyasy-tyrgyn-yj-bagasyn-10-ga-koterip-zhiberdi.html