RU

Семейде Ақтамберді жыраудың сауыты табылды

Семейде ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғасы Ақтамберді жыраудың сауыты табылды. Жергілікті өлкетану мұражайында барша жұртқа батырдың жорық киімі көрсетілді.

КТК арнасының хабарлауынша, тот басқан көне сауытты батыр әрі би болған Ақтамбердінің ұрпақтары бертінге дейін сақтап келген. 1920-шы жылдары Қытайға үдере көшкен оларды қызылдар өкшелей қуғанда бабадан қалған қастерлі бұйым ұшты-күйлі жоғалыпты.

Кейін коммунистердің қолына түсіп, большевиктер оны мұражайға тапсырған. Содан бері талай жыл бойы белгісіз дүние ретінде шаң басып, музейде жатыпты. Көне жәдігерді көзі көрген ақсақалдар бірден танып, Ақтамбердікі екенін айтқан.

Тоз-тозы шыққан сауыттың салмағы 10 келіге жуықтайды. Кей жері жыртылған. Енді батырдың жарағын мамандар арнайы зерттеп, нақты қай кездері жасалғанын анықтамақшы.

"Аягөз тұрғындарының, ақсақалдардың сөзін шындыққа қабылдаймыз. Бұл сауыт сақталғалы бірталай уақыт өткені көрініп тұр. Біз енді оған ол кісінің куәлігіне қарсы айтатын негізіміз жоқ. Сондықтан сол кісінікі болар деп есептейміз", - дейді Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Бекен Теміров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/304149-semejde-aktamberdi-zhyraudyn-sauyty-tabyldy.html