RU

Қырғыз және моңғол көліктері Қазақстан аумағынан түгелдей шығарылады

Қазақстандықтар тізгіндеп жүрген қырғыз көліктері бәрібір ел аумағынан түгелдей шығырылатын болды. Кезінде мұндай әрекеттің заңсыз екенін біле тұра, осындай қадамға барғандарға кешірім жасалмайды.

Кеденшілер алған бетімізден қайтпаймыз деп отыр. Мұндай көліктер қазір арнайы тұраққа әкетілуде. Рейд ұйымдастырған кеденшілер он күн ішінде 500-ге тарта көлікті ұстап, қамапты.

"Қырғызстан көліктері соңғы кезде Қазақстанға көптеп әкелінуде. Оны тек қырғызстандықтар ғана 6 ай көлемінде жүргізуіне болады. Бұл бізде орындалмай жатыр. Көлік қырғыздікі, жүргізуші қазақстандықтар. Оған заң бойынша рұқсат етілмейді. Әрі қанша жүргеніне қарамастан ол көліктер үшін салық төленбеуде", - дейді ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бөлім басшысы Жақсыбек Жұмадыров.Ал осындай көлік алған жүргізушілер кеденшілердің бұл әрекетіне қарсы уәж айтпақ болып жиналды. Бірақ, заң шеңберінде оларға тек екі жол ұсынылып отыр. Алайда, олар тым қымбатқа түскелі тұр.

"2 миллион 484 мың деп машинаның құнын шығарып берді. Енді осының 30 пайызын маған төлейсің дейді. Одан бөлек, 10 мың доллар мен депозитке тағы ақша салуым керек екен. Машинаны шығару үшін. Онсыз машина шықпайды деп тұр", - дейді қала тұрғыны Ерболат Кіребаев.

Салынатын айыппұл мен рәсімдеу құны шынында жоғары. Мұны мамандар да мойындады. Алайда жүргізушілерге бұл жайында ескертілгелі екі жыл уақыт өтті дегенді алға тартуда. Айтпақшы, Монғолиядан әкелген көліктерге де дәл осындай шаралар қолданылмақ. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/305834-kyrgyz-zhene-mongol-kolikteri-kazakstan-aumagynan-tygeldej-shygarylady.html