RU

Батыс Қазақстан облысында ит атқыштар адамдардың үрейін қашырды

Батыс Қазақстан облысында ит ататындар адамдардың үрейін алды. Оқиға Зеленов ауданының Көшім ауылында болды.

"Уаз" автокөлігін мінген қарулы мамандар ауылға кіріп келіп, тұрғындардың көзінше иттерді қыра бастаған. Мылтықтың тарсыл-гүрсіл дауысын естіген жұрт қатты шошынған. Ал, жергілікті әкімдіктегілер ит ататындардың бұл әрекетінен бейхабар болып шықты.

"Олар иттерді емес, адамдардың есін алды. Үйдің алдында ойнап жүрген балалар мылтықтың дауысынан шошынды. Біз барғанша орындарынан тайып тұрды", - дейді тұрғындардың бірі.

Ауылда бас-аяғы 30-ға жуық иттің қырылғаны белгілі болды. Олардың барлығы арнаулы орынға жеткізілген.

Ал, жергілікті әкімдіктегілер қаладан келген ит ататындардың әрекетіне байланысты: "Ит аулауға арналған тендерді "Батысзоосервис" серіктестестігі ұтып алған. Олар қаңғыбас иттерді атумен емес, ұйықтатып аулаумен айналысуы тиіс. Олар енді осы жасаған әрекеттері үшін жауап беруі керек. Заңсыз әрекеттері нақтылы анықталса, моральдық және материалдық тұрғыдан жауапқа тартылады", - деді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/308762-batys-kazakstan-oblysynda-it-atkyshtar-adamdardyn-yrejin-kashyrdy.html