RU

"Алма отаны" коллекциялық күміс монетасына бас жүлде берілді

2014 жылғы 11-17 мамырда Мехикода "28-ші Монета сарайлары директорларының конференциясы" өтті, оның шеңберінде ескерткіш монеталардың халықаралық конкурсы болды.

Монета сарайлары директорларының конференциясы мүшелерінің құпия дауыс беруінің шешімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Республика игілігі" сериясынан "Алма отаны" коллекциялық күміс монетасына "2014 жылдың ең әдемі күміс монетасы" номинациясында бас жүлде берілді.

Монетаның бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде, күңгірттелген бетінде алма ағаштарының қолайлы өсу орнын білдіретін, таулы жерге тамырын жайған жемісті алма ағашының стильдендірілген бейнесі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген.

Монетаның сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде жылтыраған бетінде дәл сондай, алтын жалатылған (піскен) алмалары бар жемісті алма ағашының бейнесі орналасқан. Бұл монета "Республика игілігі" сериясындағы бесінші монета болып табылады және ол Қазақстанның алмаларына арналған.

"Қазақстан – ғаламшардағы алманың отаны" екені белгілі - біздің "жабайы" алма мен оның басқа да сұрыптарының ДНҚ-сын зерттеген Оксфордтың британдық ғалымдары осындай қорытындыға келді.

АҚШ, Канада және басқа елдердің ғалымдарымен бірлесіп олар әлемдегі кеңінен танымал сұрыптардың көпшілігінің негізінде қазақстандық жабайы алма гендерінің бар екендігін дәлелді. Қазақстанның оңтүстігіндегі және оңтүстік шығысындағы жабайы жидекті ормандар осы геноқордың табиғи сақталған орны болып табылады.

Бұл – қазақстандық монеталардың беделді халықаралық конкурстардағы 2014 жылы жетіп отырған екінші жеңісі.

2014 жылғы 14 ақпанда Виченца қаласында (Италия) "Vicenza Numismatica - 2014" монета өнімдерінің халықаралық конкурсының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Республика игілігі" сериясынан "Байқоңыр" ескерткіш күміс монетасы ең үздік монета ретінде екінші жүлде алды.

Марапат символдық объектілердің бірегей жасалғаны және жоғары технологиялы өндірісте қолданылатын металдар - күміс пен танталдың сәтті қиыстырылғаны үшін берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/314710-alma-otany-kollekcziyalyk-kymis-monetasyna-bas-zhylde-berildi.html