RU

Қазақстанда күшті ішімдіктерді түнде сатуға тыйым салынды

Парламент Сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Құжаттың мақсаты - этил спирті мен алкоголь өнімінің айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту болып табылады.

"2014-2016 жылдары күшті алкогольді өнімдерге акциздер 3,2 есеге көтеріліп отыр. Осыған орай, үкімет күшті алкоголь өніміне ең төменгі бөлшек бағаларын бекітті. Спиртті ішімдіктерді сату орындары мен уақыты, сондай-ақ сауда тәртібі де шектелетін болады", - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуныша, біріншіден заң жобасына сәйкес, күшті алкоголь өнімдерін сату уақыты он сағатқа дейін, яғни мейрамханаларды, дәмханалар мен барларды қоспағанда, кешкі сағат 21-ден бастап, келесі күнгі 12-ге дейін жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбестен сатуға тыйым салынады.

Бұл негізінен 30 градустан жоғары болатын спиртті ішімдіктерге байланысты болып табылады. Ал күштілігі бұдан төмен алкогольдерге уақыттық шектеулер бұрынғыша түнгі 23-тен таңғы 8-ге дейін тыйым болады.

Бұдан бөлек, заңда спиртті ішімдіктердің сатылу орындарын шектеу мәселелері де көзделеді. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршектерде, сондай-ақ белгіленбеген орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған.

Ал жаңа заңнамамен бұған денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелерінің ғимараттарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстарда тыйым салынатын болады. Сонымен қатар автожанармай құю стансаларында тыйым салу белгіленеді.

Бұдан басқа, құжатта бизнес субъектілерін контрафактілік және заңсыз алкоголь өнімін сатып алудан сақтандыру мақсатында алкоголь өніміне арналған есептік-бақылау таңбаларының төлнұсқалығын айқындайтын құралдарды енгізу көзделеді.

Тұтастай алғанда, заңды қабылдау әзірлеу еліміздің экономикалық мүдделерін, экономикалық қауіпсіздігін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау қажеттігінен туындап отыр.

Бұл ретте мемлекет этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы процесінде туындайтын құқықтық қатынастар саласындағы қатысушыларға ықпал етудің тиімді тетіктерін иеленуі тиіс. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/315744-kazakstanda-kyshti-ishimdikterdi-tynde-satuga-tyjym-salyndy.html