RU

Атыраулық келіншек шетел азаматына тұрмысқа шығып, қарызға белшесінен батты

Атыраулық Анар атты келіншек шетел азаматына тұрмысқа шығып, қарызға белшесінен батқан. "Сүйдім, күйдім" деп қазақ қызының артынан қалмай, жүрегін жаулап алған пәкістандық азаматтың бар ойлағаны Қазақcтанға емін-еркін кіретін құзыры бар құжат болып шыққан.

Осындай шағымымен келіншек 31 арнасының редакциясына хабарласты.

Үнді елінің ұлттық киімін "ата-анам" беріп жіберді деп, сыйға тартқан пәкістандық азамат қазақ қызының жүрегін осылай жаулай бастапты. Жастардың арасындағы таныстық та тамаша басталған. Анар әпкесінің үйін жалға бермек болып хабарлама жазғаны сол екен, шетелдік азамат келіп, тұруға ниет білдіреді.

"Намаз оқиды, арақ ішпейді. Баламмен тіл табысып, балам арқылы маған да жақсы қарым-қатынаста болды", - дейді Анар Ифтихар.Біраз уақыттан соң,  еңбек визасын алуға еліне кеткен азамат күзде қайта оралады. Бірақ Қазақстанға құжатсыз келген жігіт, күтпеген жерден Анарға деген көңілінің бар екенін білдіреді. Көп ұзамай туған-туыстарының ақ батасын алған қазақ қызы, қолына неке сақинасын тағып, пәкістандық азаматтың жары болып шыға келеді. Тіпті фамилиясын да ауыстырады.

Отбасылық өмірдің қызығы басталды ма деген шақта, күйеу жігіт жаңа ұсыныс тастайды. Бұл - шетел азаматтарына бес жыл көлемінде Қазақстан шекарасына визасын емін-еркін өтуге әрі тұрақты мекен-жай алуға жол ашатын құжат.Көп ұзамай, Анар күйеуінің құжаттарын рәсімдеу үшін өз атынан үш несие алып береді. Бұл аралықта әйеліне жылы сөздерді жаудырып жүрген жігіт, көптен күткен құжаты қолға тиісімен еліне барып келмекке сылтау іздей бастайды.Бір айдан соң, Анар "мен сенімен ажырасамын" деген мазмұндағы хат алады. Осыдан соң, Анар шетелдік азаматтың қазақтың қызына үйленудегі мақсатын түсінгендей болады. Ал артынан Атырауға қайта ұшып келген шетелдік күйеу қазақтың қызымен заң тұрғысынан некесін бұзуды ойлайды. Ақыры биылғы жылдың ақпанында жұп ажырасып тынады.

Бірақ күйеуіне деп алған үш несиені Анар әлі күнге төлеп келеді. Алдап кеткен ол заң тұрғысында жазасын алу үшін құзырлы органдарға  шағым да түсіреді. Сот тыңдалымдары да басталған. Бірақ бұрынғы күйеуі келмей, қайта - қайта кейінге шегерілетін соттан Анардың үміті үзілген.

Ал Анардың айтуынша, Пәкістандық азамат кәсіптері бар өзге таныстарымен қазір Атырауда емін-еркін жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/317213-atyraulyk-kelinshek-shetel-azamatyna-tyrmyska-shygyp-karyzga-belshesinen-batty.html