RU

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады

Бүгін Қазақстан Халқы Ата Заңымыз - Конституция күнін атап өтуде. Республикалық референдумда қабылданған, Қазақстанда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Ата Заңымыз - Конституцияның енгеніне 19 жыл толып отыр.

Конституция 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.

Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерді орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.

Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы.

Алдыңғы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Қазақстандықтар Конституция күніне орай үш күн демалады. Атап айтқанда, 30-31 тамыз және 1 қыркүйек демалыс күндері болмақ.

Мерекеге байланысты, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандастарымызды құттықтады.

"Барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. 19 жыл бұрын осы күні халқымыз бүкілхалықтық референдумда Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретінде жариялаған Ата заңды қабылдады. Конституциялық құрылыстың негізгі тірегі ретінде халық бірлігі, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылық қоғамымыздың ерекше құндылықтарын құрайды.

Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституцияның әлеуеті жоғары экономикалық өрлеу мен азаматтар әл-ауқатының артуын қамтамасыз етеді. Біздің Конституциямыз "Қазақстан – 2050" Стратегиясының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізі болып табылады. Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбітшілік пен ынтымақ, табыс пен құт-береке тілеймін!", - делінген құттықтауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/329098-nyrsyltan-nazarbaev-kazakstandyktardy-konstitucziya-kynimen-kyttyktady.html