Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттегі мектеп-интернаттың мұғалімдері директорларын қызметтен кетірмек

Опубликовано:

Шымкенттегі "Үміт" мектеп интернатының тәрбиеші-мұғалімдері директорларын қызметтен кетірмекші. Олар тағайындалғанына бір жыл енді болған басшының жұмысына көңілдері толмайтын болып шықты.

Бұл туралы "Жетінші арна" хабарлайды.

Айтуларынша жаңа директор көзі нашар көретін балаларға қиянат жасап отыр. Алайда жаңа басшыны қолдайтын тарап та бар екен. Бұл бірін-бірі балағаттап жатқан интернаттың педагогтары. Басшылары туралы ұжымның пікірі екіге жарылды.

"Қазір міне, қыркүйек айы басталды. Әлі тәрбишілердің жүктемелері толық берілген жоқ. 11 сағатпен жүрген мұғалімдер бар. Ал соған қарамай, Мұстафа Зәуре қанша кадр алып отыр. Олар біздің салаға лайықты кадр ма, лайықсыз ба сол сұрақ болып тұр", - дейді педагог Зейнеш Шалымбетова.

Шағымданушы тараптың тізген кемшілігі шаш етектен.

"Ауладағы ағаштарды кесіп салды, интернаттың жағдайын жасамаған ол есесіне өз кабинетін көркейтті, қала берді үйірмелерді жауып, балаларды тамақтан қыса бастады", - дейді.

"Тамақ жағынан шағым айтқан. Тамақ жақсы емес. Бізде ет жоқ дейді. Балам етті жақсы көреді. Мен өнер жағынан, баланы өнерден қырықпау керек", - дейді Маржан Мәметова есімді ата-ана.

Мектеп интернаты тәрбиеленушісінің айтуынша, вокал сабағын жауып тастаған. Домбыра үйірмесі бар, домбырашылардың тобы да болған екен. Бірақ олардың біразы мектеп бітіріп кеткен, бір жағынан үйірмелердің бәрін жапқан.

"Осы 4 күннен бері ешқандай музыка естімедім", - дейді тәрбиеленуші. Ал енді бір педагогтар керісінше, басшының тірлігі түзу деп, сөзін сөйледі.

Тәрбиеші Ольга Белова осында 8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, тек соңғы жылда ғана жұрт қатарлы жұмыс істеуге мүмкінді туғанын айтады.

Оған дейін оның өз кабинеті түгілі, бір бұрышы да болмаған. Ал директордың өзі "даудың басы бірнеше педагогтың тендерден дәметуінен тұтанды" деп отыр.

"3 миллионның бәрін балаларға жегізіп қоямыз ба? Бір жарым миллионды жегізейік, бір жарым миллионды үшеу, төртеуміз бөліп алайық. 300 мыңнан сізге 400 мыңнан берейік дейді. Сонда бала да тоқ, біз де тоқ. Сіз мына креслоңызды пәлен ақшаға сатып алған шығарсыз. Сол ақшаңызды өтемейсіз бе деген ұсыныспен келді маған. Мен айттым бұл не деген масқара!", - дейді көзі нашар көретін балаларға арналған "Үміт" мектеп-интернатының директоры Зәуре Мұстафа.

Осылайша, берекесі қашқан ұжым бір жылдан бері арыз жазып, соттасумен келеді.

"Ал онсыз да жарық дүниені көре алмайтын зағип балаларымыздың тәрбиесі тасада қалуда", - дейді ата-аналар.

Шымкенттік ұстаздар прокуратураға да шағымданыпты. Оған 49 педагог қол қойған. Бұдан соң білім басқармасына да арыз жазған. Онда 8 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып, бірқатар кемшіліктерді анықтаған.

Сөйтіп, мектеп-интернаттың директорына алғашында ескерту жасалып, сосын қатаң сөгіс жарияланыпты.

Қазір басшының дауды реттеуіне арнайы мерзім беріліп отыр.

"Бірінші мәселе сол мектеп интернаттың айналасындағы ағаштарды кескен. Екінші, мектеп-интернатты дайындау кезінде ол кісі еңбек демалысына кетіп, кешіктіріп аяқтаған. Жалпы, педагогикалық ұжымда моральдық-психологиялық климаттың төмендеуіне байланысты біз осындай шара қолдандық. Ол кісіге мерзім беріліп отыр арнайы. Егер де ол кемшіліктерді жоймаған жағдайда, осы ахуал түзелмеген жағдайда ол кісінің қызметіне сәйкестігі қаралады", - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нышан Байғұтов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/330277-shymkenttegi-mektep-internattyn-mygalimderi-direktorlaryn-kyzmetten-ketirmek/

pixel