RU

Балғынбек Имашев сәлем салуды харам деп айтпадым деп ақталды

Қазақтың атақты айтыскер ақыны, ұтымды әзілімен елдің аузында жүретін Балғынбек Имашев "келіннің сәлем салуын харам деп сұхбат беріпті" деген әңгіме әлеуметтік белсенділер арасында әлі талқыға түсіп жатыр.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Талай жас келіндердің бетін ашып, сәлем салдыртқан Балғынбектің қазақтың дәстүріне харам деп баға бергеніне сенбегендер де болды. Тіпті жастар жағы ақынның елді шулатқан пікіріне әзіл өлеңдетіп жауап қайтарды.

Әдемі әзілімен талай мәрте босағаны енді аттаған келіндерінің бетін ашып, сәлем салдыртқан Балғынбек Имашев айтты деген бір ауыз сөз бір айдан бері жұрттың талқысында. Яғни, айтыскер ақын республикалық басылымдардың біріне, "келіннің сәлем салуы намаздағы рукуғке, яғни Алланың алдында бел бүгіп еңкеюге ұқсап кетсе - онда харам деп ойлаймын" деп сұхбат берген.

Әзілдің түбін түсіретін, елдің құрметіне бөленген атақты азаматтың бұл пікіріне Мәдениет министрлігі үндемегенімен, әлеуметтік желіде отыратын кейінгі буын өкілдері өз уәждерін білдірді. Мәселен, жас прозашы Бейбіт Сарыбай Балғынбектің сәлем салу күнә дегеніне қатысты әзілін былай тастады.

"Сөзіңді естіп сенің жата алмадым, Бар ғой деп ойлайсың-ау сақалда арым. Келінге сәлем салу харам депсің, ұлтыңды жамандыққа апарғаның! Әрине емеспіз періште, тозақтың отына айдап салып, қалайсыз жатасыз пейіште?",- деп жазады прозашы Бейбіт Сарыбай.

Бейбіттің бұл өлеңіне 500-ге жуық адам лайк басса, 30-дан астам белсенді бөлісіп, өзара талқыға салған.

Біреулер, бұл Балғынбектей ақынның имандылықты дәріптеуінің шектен шыққан түрі десе, екіншісі мұндай сөз айту діншіл адамның тірлігі емес деген пікірлерін білдірген.

Балғынбектің тойларда беташар жасап жүретінін көргендер тіпті ашулы. Келін бас иіп сәлем берсе, үлкенге құрметті білдіреді, мұның қай жері харам немесе ширк деп түсінбегендер де табылды. Және дінге сүйеніп ұлттық құндылықтардан сырт айналмауға кеңес берді.

Бейбіт Сарыбай бұл жерде Балғынбек күнә деп те күнә емес деп те нақты айтпағанын, оның кез келген уақытта тайқып кетуге мүмкіндігі барын айтады.

"Айтқан жоқпын. Ешқайда жерде айтқан емеспін, бірде бір журналист келіп алған емес менен", - дейді айтыскер ақын Балғынбек Имашев.

Расымен де, Балғынбек келіннің иіліп сәлем беруі харам деген пікір ешқашан, еш жерде аузымнан шыққан емес деп отыр. Елді шулатқан ақпараттың қайда шыққанын да білмеймін деп ақталды. Бұл салт-дәстүр мен дінімізді қарсы қоятын кейбір топтардың арандатуы мүмкін деген болжамы да бар.

"Бес уақыт намаз оқитыным, сақал қоятыным ұнамайтын сияқты соған қарсы шабуылы сияқты. Дәлелге келтірсін. Интернеттен видеожазбаларын айтқанымды қарсы шығып жатқанын, аудозапись келтірсін",- дейді ақын.

Әдемі беташарымен апта сайын тойға шығып жүретін Балғынбек Имашев сәлем салу харам деп айтты деп пікірін жариялаған басылымға да, өзін сынаған топқа да кешіріммен қараймын дейді. Яғни, заңгер жалдап сотқа беру ақынның ойында да жоқ. Және, келіннің сәлем беруін қазақтың құнды дәстүрлерінің бірі деп есептейтінін ескертеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/331962-balgynbek-imashev-selem-saludy-haram-dep-ajtpadym-dep-aktaldy.html