RU

Үлкен айналма жолға жұмсалған қаражат тек 28 жылдан кейін ақталады

Алматыны айнала салынатын күре жолдардың бірі де ақылы болмақ. Үлкен Алматы айналма жолы жобасымен айналысып жатқан министрлік өкілдері келесі жылдан қалмай, құрылыстың басталатынын мәлімдеді.

Бірақ үлкен қаражатты талап ететін автомобиль жолының құрылысын салатын инвесторлар әлі анықталмаған. Соған қарамастан, Инвестиция және даму министрінің орынбасары үлкен айналма жолдың құрылысына жұмсалған қаражат тек 28 жыл ішінде ақталады деген болжамын айтты.

Алматы үшің ең маңызды күре жолды салу шешімі 2002 жылы қабылданған. Бірақ осы күнге дейін республикалық қазынадан оны жобалауға ғана қаражат бөлініп келді. Мегаполисті қоршай салынатын үлкен тас жол құрылысы енді үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші кезеңіне орай жанданады.Сенбі күні Инвестициялар және даму жөніндегі бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек бұл жобаға өте қомақты қаражат қажет екенін және ірі инвесторлар арасында Еуропалық Даму банкі мен Дүниежүзілік банк қызығушылық танытып отырғанын хабарлаған болатын.

Министрліктің есебінше, үлкен Алматы айналма жолының құрлысына 130 млрд теңге жұмсалады. Ал бұл қомақты қаражаттың өзін өзі ақтауына 28 жыл уақыт кетеді. Жоба ұзақ мерзімді болса да, оның құрылысын бастау керек.

Себебі күннен күнге тынысы тарылған Алматы шаһары үшін ол ауадай қажет.Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, қала билігінің алдында тұрған басты міндет - Рысқұлов, Райымбек даңғылдарын осы айналма жолмен тоғыстыру.

Қазір қалада бірнеше жол айырығының құрылысы жүріп жатыр. Ол қаланың солтүстігі, шығысы және батысы арқылы БАКАД магистраліне барып қосылады.Күре жолдың жобасын жасап, оның құрылысын бақылайтын бас оператор - "Қазавтожол" Ұлттық компаниясы. Мекеменің дерегінше, құрылыс аяқталған соң, 40 мың автокөлік қаланың сыртын айналып өтеді. Әсіресе транзиттік бағыттағы ауыр жүк көліктері шаһарға кіргізілмейді.Шаһар қақпасынан жақын аудандарға шығатын автомобиль жолдарын үлкен Алматы айналма жолына қосу пысықталды. Жоспарға сәйкес бұл жолдың бойына сауда орындары мен ірі кәсіпорындар да салынып, көгалдандыру шаралары бірігіп қолға алынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338234-ylken-ajnalma-zholga-zhymsalgan-karazhat-tek-28-zhyldan-kejin-aktalady.html