RU

Нарынқолда ұсақ жандыққа беймәлім жыртқыштар шабуда

Нарынқолдың құтырған иттері 15 қойды тамақтап өлтіріп, 8 қойды жаралап тастады. Бұл деректі Нарынқол ауылының әкімі Оспан Әлімжанұлы Иманбеков жоққа шығарған жоқ деп хабарлайды "Алаш айнасы" басылымы.

Facebook  әлеуметтік желісінің белсендісі Ерқанат Тәукебай өзінің жеке парақшасында ауылда соңғы күндері жыртқыш пайда болғанын хабарлаған.

"Нарынқол ауылында дәл қазiр маза болмай тұр. Кешкi жетіден кейiн балаларға көшеге шығуға тиым салынған xабарландырулар әр жерде iлiнуде. Себебi соңғы күндерi жыртқыш пайда болған. Ол жабайы ит пе, қорқау қасқыр ма (шакал) ешкiм бiлмейдi. Ауыл шетi емес, орталығында бiр үйдiң қорасының қоршауын қазып кiрiп, он шақты қойына шабуыл жасап тамақтап кеткен. Мәдениет үйінен концерттен қайтқан оқушыларға да шабуыл жасаған", - деп жазады ол.

Бұл деректі Нарынқола ауылдық округінің әкімі Оспан Иманбеков те растап отыр.

"Оқиға 23 қазан күні болды. Құтырған иттер ауылдағы бір үйдің қоршауынан кіріп, 8 бас қойды өлтіріп, 5 бас қойды жаралап кеткен. Сонымен қатар, тағы да бір үйдің 7 бас қойын өлтіріп, 3 қойын жаралап тастаған", - дейді ауыл әкімі.

Әкім балалардың қауіпсіздігі үшін ауылда кешкі жетіден кейін жүрмеу жөнінде хабарландыру жазғанын айтады.

"Бұл ешқандай да қорқау қасқыр емес, ауылдың құтырған иттері деп ойлаймын. Нарынқолдың шетінде қоқыс полигоны бар. Ауыл адамдары сол полигонға жаңа туған ұрғашы күшіктерді апарып тастайды. Сол қараусыз иттер ашыққан соң, қойларға шабуыл жасаған. Біз олардың екеуін тауып атып тастадық", - дейді ол.

Алайда, әлеуметтік желінің белсендісі Ерқанат Тәукебай қойды құтырған иттердің қыруы мүмкін екеніне сенбейді.

"Ветеринарлар да мұның жауабын таба алар емес. Өз басым Қазақстанның көп жерлерiнде кездесетiн қорқаулардың Нарынқолда болуына таң қалып отырмын", - деп жазған ол өз парақшасына.

Еске сала кетейік, жуырда Батыс Қазақстан облысында да құтырған ит 60-тан аса ұсақ малды қырып тастаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338930-narynkolda-ysak-zhandykka-bejmelim-zhyrtkyshtar-shabuda.html