RU

Шымкентте бір отбасы сәбиінің өлімі үшін дәрігерлерді кінәлады

Шымкентте бір отбасы сәбиінің өлімі үшін дәрігерлерді кінәлап жатыр. Ауруханаға өкпе қабынуымен жеткізілген 7 айлық нәресете бесінші күні жансақтау бөлімінде шетінеп кетті.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

7 айлық шақалақ Әли Әшірбайды жөтеле берген соң анасы оны №1 қалалық балалар ауруханасына алып барған. Бірақ онда жағдайы жақсарудың орнына, керісінше, әлсірей берген. Ауру асқынып, Әли бесінші күн дегенде жансақтау бөлімінде шетінеп кеткен.

Баласымен бірге жатқан анасы ауруханадағы ақхалаттылардың тым селқос қарағанын айтуда. Прокуратураға шағым түсірген туыстары бала өліміне кінәлілер қатаң жазаға тартылсын деп талап етіп отыр.

Еңбектеп, тәтті қылығы көрінген сәбиінен айрылған ана ұлының жоқ екеніне сене алмайды. Туылғаннан сап-сау сәби бұған дейін ауырмаған да екен. Тек соңғы күндері тұмау тиген соң дәрігерлерге қаратып алу үшін анасы ауруханаға барған. Бірақ емдеу мекемесіне түскеннен бастап мейірбикелерден зәрезап болғанын айтады.

"Медикелер тамырын таппайды. Аяқтарын тесіп тастаған, қолдарын тесіп тастаған.Одан қалса системаның үстінен аттап жүре береді екен. Системаны тазаламайсыз ба десем өзіме қарап айқайлайды", - дейді анасы Алма Тұрсынбаева.

Өкпе қабынуымен 4 күн жалпы палатада жатқан баланың өлу себебін дәрігерлер туыстарына айта алмаған. Дегенмен кешірім сұрап келген дәрігерлер кінәсін мойындады дейді анасы.

"Мың ойласам да түсімде ештеңеге кірмейді. Ол ешкімнің ойына да келмейді. Баламды өлтіріп отыр ғой. 36/6 температурамен барған пневмонияның жеңіл түрі деп. Содан бала өледі ма?", - дейді зар жылаған ана Тұрсынбаева.

Ал №1 аурухананың басшылығы өздеріне шаң жуытпайды. Мейірбикелер екпені шатастырып алуы мүмкін емес дейді. Сондықтан ешкім жазаланбаған.

"Балалар өте көп бізде. Тұмау ауруы көбейіп жатыр қазір. Асқыну көбейіп жатыр. Олардың бәрін қазір жұмыстан алсақ онда дәрігер қалмайды бізде, өзге балалар қараусыз қалады ", - дейді Шымкент қалалық №1 балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Еркебай Бектаев.

Ал кінәлі дәрігер тек тексерістің қорытындысынан соң жазаға тартылатын болады. Бірақ қорытындының қашан шығары белгісіз.

Алайда шетінеген Әли Әшірбайдың жақындары мұны күткісі келмейді. Қазірдің өзінде прокуратураға шағым түсірген олар балалар ауруханасына қатысты Денсаулық сақтау министріне дейін арыз дайындап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/341308-shymkentte-bir-otbasy-sebiinin-olimi-yshin-derigerlerdi-kinelady.html