RU

Бір топ азамат Желтоқсан құрбаны "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынды

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза болған Ербол Сыпатаевқа "Халық қаһарманы" атағын беру керек. Желтоқсаншыларды ел есінде мәңгіге қалдыру мақсатымен бір топ азамат президентке хат жолдады.

Бұл туралы Замана газеті хабарлайды.

"Бүгінде "Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары" аталып кеткен сол жастарды тек желтоқсан айында ғана еске алу үрдіске айналып барады. Сондықтан республикалық "Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік Қырандары" Халық қаһармандары қозғалысының төрайы­мы Гүлбахрам Жүніс желтоқсаншыларды халықтың есінде мәңгі қалдыру үшін Президенттің атына хат жолдады", - деп жазады басылым.

"Еліміздің болашағы үшін жанын құрбан еткен Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова,  Сәбира Мұхаметжанова және Кенжегүл Молданазароваларды Халық қаһарманы атағымен марапаттауды ұсынамыз. Желтоқсан көтерілісінің барлық күрескерлері "Қазақ Елінің Құрметті азаматы – Тәуелсіздік күрескері" деген бірыңғай атаққа лайық", - делінген хатта.

Хат авторы өздерінің бұл ұсынысын көптеген азаматтардың қолдап отырғанын айтады.

"Біздің ұсынымызды жоғарыдағылар да қолдауда. Атап айтсам, депутаттар Серік Сейдуманов, Қуаныш Сұлтанов, Камал Бұрханов мырзалар желтоқсаншыларға Халық қаһарманы атағын беруді дұрыс деп санайтындықтарын білдірді. Президентті де бұл мәселеден хабардар етіпті. Біз соған қуанып отырмыз", - деді Гүлбахрам Жүніс.

Бүгінде ұйым Президент Әкімшілігі жанындағы марапаттау бөліміне жоғарыда аталған азаматтардың барлық құжаттарын өткізген. Енді желтоқсан көтерілісінің 28 жылдығына орай, биыл 50 жасқа толған Ербол Сыпатаевқа Халық қаһарманы атағы берілсе деген үміт бар.

"Ал қалған азаматтарға мұндай атақ Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығында берілсе де ризамыз", - дейді қозғалыс төрайымы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/342886-bir-top-azamat-zheltoksan-kyrbany-halyk-kaharmany-atagyn-berudi-ysyndy.html