RU

Танымал хиттың орындаушысы бір тойдағы нәпақасының көлемін ашты (фото)

"Аспанға қараймын" әнімен Абай Бегей бір демалыс күні кемінде алты тойды аралайды. Оның гонорары да қазір арзан емес.

Кемінде осы "хит" ән үшін 3000 АҚШ долларын алады. Алғаш рет бұл әнді 100 АҚШ долларына орындаған екен. Шын есімі Абай Ниязқұловпен NUR.KZ тілшісі салтанатты кештердің сыйлы қонағы болып қайтқан еді.

Абай Ниязқұловтың осы демалыстағы алғашқы тойы Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы бойындағы қымбат мейрамханалардың бірінен басталды. Мына суретте салтанатты кеште ән орындайтын сәтті тосып отыр.

Әнші ауқаттылар мерекесін тойлайтын орында әніне менсінбеушілік болады ма деп те алаңдады. Не де болса уақыт көрсетеді деп діттеген орынға кіріп барды.

Әрине, ұйымдастырушылар әншіні  сый-құрметін жасап күтіп алды. 

Мұнда атышулы әуе компания басшысы әйелінің туған күні тойланып жатыр екен. Қырық адамға жайылған дастархан басына әрине қымбат киінген, бай-бағландар жиналған.

Әр кеште инстаграмға бірнеше сурет салатын әншілер расымен де әр он минут сайын суретке түсетінін көрдік.

Абай Бегей барған тойда, халыққа кеңінен таныла қоймаған жас әншілер оған аса қызыға қарайды екен. Бұлай танылуының сырын сұраушылар да көп. Мүмкіндік болса, қолдау күтетін жастар Абай ағасымен жылы әрі жақын сөйлесіп қалуға тырысатынын байқадық.

Ауқатты азаматтар жиналған мерекелік кеш. Той асабасы Абай Бегейді таныстырып жатыр. Мерекелік дастархан себепкерін құттықтап, әнші әдетінше қонақтарды биге шақырды. "Аспанға қараймын" әніне расымен де қонақтардың барлығы биледі. Әншінің қорқынышы да басылды.

Абай Ниязқұлов барған жерінің бәрінде  "Аспанға қараймын", "Мұңайма Үрбибі" әнін, артынша тағы бір рет "Аспанға қараймынды" орындайды екен. Кеш қонақтары оны байқағанымен, көтеріңкі көңілдің кезінде қайта жер теуіп билей түсті.

Абай Бегей тойдан шыға сала келесі салтанат кешіне жол тартты.

Барлық жерде, мерекелік кештің атауы мен себепкері, қонақтары басқа болғанымен әнші сол екі әнді үш рет орындаумен болды. Әнші, журналистер қанша сұрағанымен, отбасын жасырын ұстағанды дұрыс көреді. Шаңырағында өзінің сөзінше, үш қызы мен бір ұлы және жары бар екен.

Отбасы мүшелерін жұрттан жасыратын себебін былай түсіндірді: "Өзім жайлы қазір түрлі өтірік-шыны аралас өсек-әңгімелер көп. Бірі бірнеше әйелі бар десе, тағы бірі әуежайларда естей сала, әнімді "сапасыз" деп сынап жатады. Ол менің жеке шаруам. Халық өзі ол әнді "хитке" айналдырған. Отбасымды эфирлерден алшақ ұстайтын себебім, осындай әңгімелерден аулақ болсын деймін", - дейді әнші.

Бұл әншіні соңғы кездері халық әртістері де қатаң сынап жүр. Мысалы, Роза Рымбаева дәл осы әншінің "Аспанға қараймын" әнін радиодан тыңдағысы келмейтінін, тіпті радиодан ести сала, оны өшіретінін, телеарналардан осы сынды жеңіл әндердің таратылмағанын қалайтынын айтқан еді. Осындай талғамсыз жазылған әндер жастардың санасын улайды деген болатын.

Расымен де Абай Бегейге еліктеушілер саны көп екен.

Салтанатты кеш қонақтары оны танып, естелік суреттерге де түсіп жатыр.Абай Бегей: "Аспанға қараймын" әнін  еш жарнамасыз халық жоқ дегенде төрт қатарын менімен бірге жатқа орындайды. Мені сынайтындар "жеңіл ән" деп жатыр. Жастарды, сапалы, концерттік ән айтыңдар деп алдамаған дұрыс. Себебі, концерттік ән орындайтын топтардың өміршеңдігін көріп жүрміз. Аз уақытта тарап кетіп жатады. Бізде шоу-бизнес жоқ. Той-бизнесіне ән жаздырып орындаған жөн. Әнші де отбасын, өзін асырау керек", - деген пікірде.

Осылайша Абай Бегей атымен танылған азамат демалыс күні алты тойды аралады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/344087-tanymal-hittyn-oryndaushysy-bir-tojdagy-nepakasynyn-kolemin-ashty-foto.html