RU

Павлодар әкімі есебінде өзге саясаткерлердің айтқанын сөзбе-сөз қайталаған

Павлодарлық "Версия" газетінің журналистері қала әкімінің есебінен өзге саясаткерлердің айтқанын сөзбе-сөз тауып алыпты деп хабарлайды 31 арна.

Болат Бақауов бірер күн бұрын тілшілер қауымының алдында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, жылдық есеп берген болатын.

Бірақ журналистер одан Астананың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов, вице-премьер Бердібек Сапарбаев пен тіпті екі жыл бұрын Мәскеу облысының губернаторы болған Андрей Воробьевтің білдірген пікірлерінен үзінділерді байқап қалған. Әдетте көп сөйлемейтін қала әкімінің брифингте әр сөзін көркемдеп, әдеби тілмен жеткізгеніне тілшілер таңырқай қараған.

Павлодарлық "Версия" газетінің журналисі Ярослав Голышкинге де қала басшысының теңеулі тіркестерге ерік беруі ерсі көрініпті. Көңілінде күдік қалған азамат ғаламтордағы іздеу парақшасына Болат Бақауовтың есебіндегі бүтіндей бір абзацтарды енгізіп, тексеріп көреді.

Бір қызығы, әкімнің баяндамасындағы сөздерінде шынында да Иманғали Тасмағамбетов, Бердібек Сапарбаев, тіпті Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтың бұған дейін айтқан тіркестерімен сөзбе-сөз ұқсастық байқалған.

Қала әкімінің баспасөз қызметі тілшілердің мәселені түсіндіру туралы өтінішінен үзілді-кесілді бас тартты. Тек "бұл қандай да бір түсініспеушілік" дейді.

"Бұл қарамағындағылардың бірінің жіберген қателігі. Әлдекімнің өз жұмысына жауапсыздықпен қарайтындығын білдіреді. Тіпті әкімнің баяндамасын жазуда да салғырттық танытқан. Енді міне, нәтижесі қынжытарлық. Көшірмені біреу байқайды деп ойламаса керек", - дейді тілші Ярослав Голышкин.

Осыдан кейін "Один в один" деген тақырыпта басылым бетіне мақала жазған Голышкин "қалай болғанда да бұл қатарындағы қызметкердің жіберген қателігі басшының беделіне нұқсан келтірді" деген пікірде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/352116-pavlodar-ekimi-esebinde-ozge-sayasatkerlerdin-ajtkanyn-sozbe-soz-kajtalagan.html