RU

Танымал айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков елбасына ода арнады

"Тағдырын жұртың Сізге тапсырып тұр, тәуекел, тағы да бір жол бастаңыз". Бұл – бүгін "Нұр Отан" партиясының 16-шы съезіне қатыса отырып, жырлаған айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің жыр-шумағы.

 "Біз бүгін еліміз үшін аса маңызды саяси оқиғаның қарсаңында тұрмыз. Осы сарайда отырғандардың баршасының Сізге деген ықыласы, елбасына деген сенімі айтқызбай-ақ, елдің емеурінінен білініп тұр. Өз басым бұған дейін де талай асулар мен белестерді ынтымақпен бағындырған еліміз бұл жолы да жүрісінен танбай, өз елбасының жанынан табылатынына бек сенімдімін", - деді айтыскер ақын.

Ол Назарбаев жетекшілік ететін "Нұр Отан" партиясы  ұлт мұратын ту еткен партия екенін баса айтты.

"Тек былтырғы жылдың өзінде партияның бастамасымен жеті бірдей облыста республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыс – дәл осы "Нұр Отан" секілді халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Құр сынаушы ғана емес, жақсылықтарды да жарқыратып айта алатын өнер. Жамбыл бабамыз айтқандай, "кеше де, бүгін де ақындардың жырлайтыны бірлік, аңсайтыны – шындық, көксейтіні – мемлекет саясаты". Яғни, пәтуалы тірлік. Сондықтан да, байтақ ел төрт күл дүниемен терезесін тең еткен өз Президентін қолдайды", - деген Бекарыс Шойбеков "ақынға қара сөзден өлең артық" екенін дәлелдеп, әрі қарай жыр шумақтарын жолдады.

"Ақтарсам көкіректен шыншыл жырды,

Қазағым татулықпен тіл сындырды.

Дағдарыстың дауылы біз түгілі,

Талай алып елдерді күрсіндірді.

Елбасы көшті бастап келе жатыр,

Күн бұрын бағдарлап тылсым күнді.

Алты алашқа керегі ел бірлігі,

Бейбіт күн көгімізде күлсін нұрлы.

Сондықтан Өзіңізге тапсырмақшы,

Қалың ел екі тізгін бір шылбырды.

Мына жол бабалардан жалғасқан із

Жатпайды қын түбінде алмас нағыз.

Қашанда жаныңызға тірек болған,

Қолдаңыз ұлтыңызды, қорғаштаңыз.

Қаншама асулардан адастырмай,

Аман-сау алып өткен марқасқамыз.

Тағдырын жұртың Сізге тапсырып тұр,

Тәуекел, тағы да бір жол бастаңыз".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/359248-tanymal-ajtysker-akyn-bekarys-shojbekov-elbasyna-oda-arnady.html