RU

Итальяндық нейрохирург адамның басын алмастыру отасын жасамақ

Осы жылы ақпанның аяғында итальяндық нейрохирург Серджо Канаверо 2017 жылы алғаш рет адам басының трансплантациясын жоспарлап отырғанын мәлімдеді  деп хабарлайды 24 kz.

Бұл жаңалықты естіген адамдар оны әртүрлі қабылдады. Канавероның жобасы сәтті аяқталған жағдайда қаншалықты шынайы және оның этикалық, психологиялық салдары қандай болмақ?

1954 жылы Кеңес дәрігері Владимир Демихов 20 итке қосымша бастар салып берді. Тәжірибе жасалған жануарлар операциядан кейін тірі қалды. Алайда ұзақ уақытқа емес, тек бірнеше күнге. 16 жылдан кейін американдық ғалым Роберт Уайт бір маймылдың басын екінші маймылға қойып, ауыстырады.

Жануар 9 күн ғана өмір сүреді және оны өмір деп айту мүмкін емес еді. Жұлыны кесілгендіктен ол денені сезбей, оны басқара алмай қалады. Канаверо бұдан жақсы нәтижеден үмітті. Хирург денелері жарамсыз болып қалғандарға – егер метастаза басқа дейін жетпесе, қатерлі ісікке шалдыққандарға және Стивен Хокинг сияқты бұлшықет атрофиясы болған науқастарға көмектесе аламын деген сенімде.

Ағзадағы радикалдық өзгеріс күтпеген нәтиже беруі мүмкін. Басын (денесін) ауыстырған пациент қолын немесе аяғын "өзімдікі" деп танымауы мүмкін. Бұл жағдайда ол адамға кедергі келтіреді, өйткені ол әрдайым өз назарын соған аударып тұратын болады.

Басқа да нұсқа болуы мүмкін: бас миының қыртысы бұрынғы денедегі аяқ-қолдың орналасуын, формасын және күшін есте сақтайтын болады. Ал сезім ешқайда жоғалмаса, онда бұрынғы сол аяқ-қолдар фантомды ретінде қабылданатын болады.

Әрине мүмкін болатын барлық проблема бұлар ғана емес. Басын ауыстырған адамның жеке тұлғасы түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бірақ нақты қалай өзгеретінін әлі ешкім айта алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/361119-italyandyk-nejrohirurg-adamnyn-basyn-almastyru-otasyn-zhasamak.html