RU

Балалардың естен тануы Березовкада қалыпты жағдайға айналды

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылында тағы 3 бала есінен танып құлады. Бұл жайында жергілікті тұрғындар телефон арқылы хабарлады.

Айтуларынша, ауыл мектебіндегі бірнеше сынып жергілікті мәдениет үйіне уақытша көшірілген. Алайда, жағдай әлі түзелмей отыр. Тұрғындар осы жағдайға алаңдаулы.

Еске салайық, бұл жағдай осыдан 4 ай бұрын басталған еді. Әлі күнге әсіресе, 6-7-шы сынып оқушылары бастарының айналып, қол-аяғының ұйып қалатынын айтып шағымдануда. Балаларды күн сайын тексеретін дәрігерлер де оларға не болғанын тап басып айта алар емес.

"Балалар күн сайын құлайды, бұған тіпті үйреніп кеттік. Өткен аптада олар күн сайын есінен танып құлап жатты. Кейін үш класты ауылдық мәдениет үйіне ауыстырдық, бірақ ештеңе өзгермеді. Бүгін басқа балалармен бірге менің де ұлым есінен айрылып қалды. Тілі күрмелген, ол тіпті менімен сөйлесе де алмады", - дейді ауыл тұрғыны Тілек Темірғалиев.

Ауыл тұрғындары бұл жағдайға Қарашығанақ кенішін кінәлайды. Кеніште зиянды газдардың көп мөлшерде шығарылғанын прокурорлар да растап отыр. Ал ауылдықтарды тексерген арнайы комиссия тұрғындардың денсаулығынан кінәрат таппады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/364262-balalardyn-esten-tanuy-berezovkada-kalypty-zhagdajga-ajnaldy.html