RU

Қостанайдағы саяжайда Ресей туы ілініп тұр

Қостанай қаласындағы "Геолог" саяжайында Ресейдің туы ілініп тұр деп жазды "Қостанай таңы" басылымы.

Ресейдің туы саяжайдағы үйдің ауласына тігілген. Әдетте өзге елдің жалаулары саяжайларда емес, елшіліктердің алдында тұратын. Аталған жер учаскесінің кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Үй қақпасы құлыпталған.

"Тырнақ астынан кір іздеді" деп сөге көрмеңіздер. Көрген көзде жазық жоқ. Ұзынқұлақтан естігенімізді емес, өз көзімізбен көргенімізді жазып отырмыз. Қазақстан азаматтарының әрқайсысы өзі қалаған елдің байрақтарын желбіретіп қойғаны дұрыс па, бұрыс па? Бұған енді не деуге болады?", - дейді басылым тілшісі.

Еске сала кетсек, осы жылда мемлекеттік туды балконға ілген астаналық Жандос Құрманбаевқа "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 458-бабы бойынша мемлекеттік туды заңсыз пайдаланды деген айып тағылып, 396 400 теңге айыппұл салынғаны шу тудырған болатын.

Басылым тілшілері ресейлік туға қатысты Қостанай облыстық прокуратурасына хат жолдаған. Әзірге құзырлы мекемеден жауап келмеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/764340-qostanaydaghy-sayazhayda-resey-tuy-ilin.html