RU

«Самұрық-Қазына» басшылары миллиондаған сыйақы туралы ақпаратты жоққа шығарды

Бүгін баспасөз мәжілісін өткізген қор өкілдері бұл мәліметтің ескі екенін айтты. Бұл туралы BAQ.KZ сайты хабарлайды.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан мәлімет дұрыс емес. Мұндай көлемдегі сыйақы 2014 жылы емес, 2013 жылы болған. Ол соманың ішінде бонустармен бірге басшылардың жалақысы және салығы да бар" деді брифингке қатысқан компанияның қаржы директоры Нұрлан Рахметов.

Оның айтуынша, 2013 жылы "Самұрық-Қазына" қоры өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген: компанияның таза табысы 654 млрд теңгені құрап, бюджетке салық пен өзге де төлемдер ретінде 913 млрд теңге түсіріпті. Ал, кеңейтілген дивидендтердің жалпы көлемі - 157 млрд теңгені құраған.

Сонымен қатар, 2013 жылы Қор бірқатар сәтті келісімдерге қол жеткізген және қаржыны үнемдеуге арналған бірнеше жобаны енгізген. Атап айтқанда, бір ғана шығындарды оңтайландыру жобасы 50 млрд теңгені үнемдеуге септігін тигізіпті.

"KPI картасы бойынша 2013 жылы Басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеевтің көрсеткіші 100 пайыздан асып кетті, ал корпоративті басқару рейтингі бойынша 125 пайызды құрады" дейді Рахметов.

Оның айтуынша, қызметкерлерге сыйақы тағайындау Директорлар кеңесімен бекітіледі. Сыйақыландыру жүйесін үкімет бекіткен және ол халықаралық стандарттарға сай әзірленіпті. Ал, былтырғы жылы бонустардың көлемі әлдейқайда аз болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/875232-samuryq-qazyna-basshylary-milliond.html