RU

Алматыда грант ұтып алған тағы бір түлек далада қалды

Алматыда мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен тағы бір түлек далада қалды.

Асылбек Алдаш колледж бітіргеннен кейін кешенді тестілеуге қатысып, 65 балл жинап, артынша Алматы технологиялық университетіне оқуға түседі.

Газеттен грант ұтқаны жайлы ақпаратты оқығанда кеудесін қуаныш кернепті. Барлық құжатын арқалап барған оны оқу орны қабылдай алмаймыз деп шығарып салады.

"Грант берілгеннен кейін міндетті түрде оқуым керек. Маған оқуға мүмкіндік бермей жатыр. Енді мен не істеймін? Не амал жасауға болады? Далада қалдым", - дейді Асылбек.

Алматы технологиялық университетінің өкілдері талапкердің колледж бітіргендегі мамандығы мен грант иеленген мамандығы мүлде сәйкес келмейді деп ақталуда.

"Бізге "машина технологиясы және жабдықтар" мамандығына грант ұтқаны рас. Жоғарғы оқу орынына грантқа қабылдаудың ережесі бойынша колледж бітірген талапкердің мамандығы бастапқысымен сәйкес келуі тиіс" , - дейді АТУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Зухра Мәметова.

Мұндай дау-шарға іліккен талапкерлер саны біреумен шектелмейді. Енді оны министрлік шешеді дейді қабылдау комиссиясы. Ал сертификат талапкердің қолына қайтарылмайды.

Мемлекеттік білім грантын тағайындау жарлыққа қол қойылып, қыркүйек басталып кеткенмен Асылбек Алдаш әлі университеттер арасында сабылып жүр. Алайда өзі колледжін тәмамдаған Қазақ қатынас жолдары университеті басшылығы оқуға қабылдаймыз деп уәде берді. Әзірге барлығы да белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/876238-almatyda-grant-utyp-alghan-taghy-bir-tul.html