RU

Назарбаев БҰҰ-ның штаб-пәтерін Азияға көшіруді ұсынды

 Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте бас ассамблеяның БҰҰ 70–ші сессиясындағы дебатта Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

«70 жыл бұрын Женевада, жұмыс істеуден қалған Ұлттар Лигасының орнына Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған кезде оның штаб-пәтерін Нью-Йоркте орналастыруға шешім қабылданды. Бұл сол кезеңде халықаралық қатынастар бойынша Батыс Жарты шарының ролі артқандығына байланысты болған еді. Әлемді дамыту орталығы Кәрі құрлықтан Жаңа құрлыққа, Еуропадан жаһандық өрлеудің жаңа орны – АҚШ-қа, Нью-Йоркке ауысты», - деді Назарбаев баяндамасында.

Мемлекет басшысы бүгінде Азия қуатты түрде дамып келе жатқанын алға тарта отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынды.

«Содан бері көп нәрсе өзгерді, әлем өзгеше қалыптасты. ХХІ ғасырда даму орталығы әлемнің ең үлкен континенті – ғаламшар тұрғындарының үштен екісі мекендейтін, ірі ресурстар шоғырланған Азияға қарай ойысады. Азияның дамып келе жатқан экономикаларының қуатты серпіні жаһандық үдерістердің жаңа сипатын танытып отыр. Осы үдерісті ескере отырып, мемлекеттердің өзара қарым-қатынасына жаңа серпін беру үшін бұл тарихи мүмкіндікті пайдаланудың маңызы зор. Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыруды ұсынамын», - деп толықтырды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/905875-nazarbaev-buu-nynh-shtab-paterin-aziyagha.html