RU

Жамбыл облысында жәрдемақы алу үшін жалғызбасты ана өзінің қолын тіліп тастады

Жамбыл облысында жәрдемақы алу үшін жалғызбасты ана өзінің қолын тіліп тастады. Бұған мемлекеттен бөлінетін көмекті меншігіндей көретін шенділердің әрекеті себеп болған деп хабарлайды 31 арна.

Жаңатас қаласының тұрғыны Қарымсақ Қызғалдақ жәрдемақы алу үшін тиісті мекемемен жанжалдасып жүргенін жеткізіп, халықтан көмек сұрап отыр.

Сонымен қатар асыраушысы жоқ балалы анаға берілетін жәрдемақы дұрыс тағайындалмайды деген бір топ ана комиссия мүшелерін жерден алып жерге салған. Айтуларынша, қудаламай жәрдемақыға қол жеткізу мүмкін емес.

Сондай-ақ, ашынған ананың бірі тиісті мекемеге келсе, полиция қызметкері қорқытатынын да атап өтті.

Ал жауапты мамандар тұрғындардың байбалам салуына негіз жоқ деп есептейді. Айтуларынша, ендігі жерде еңбекке жарамды аналар қоғамдық жұмысқа тартылуы тиіс.

"Бұл кісілер үш жасқа толғаннан кейін түсіндірілген. Үш жастан соң біз арызданушы азаматты міндетті түрде қоғамдық жұмысқа жіберуіміз керек. Ал ол кісі істеуден бас тартуда. Өйткені баласына қарайтын адам жоқ екен", - дейді Сарысу аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім бастығының орынбасары Бисен Шалабаев

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/913814-zhambyl-oblysynda-zhardem-aqy-alu-ushin-zh.html