RU

Қазақстандық жұлдыздар қандай көлік мінгенді ұнатады

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері өнерде ғана емес, өмірде де ел назарында жүргенді қатты ұнатады. Жағдайлары жақсы әртістердің қандай көлік мінетінін білу мақсатымен NUR.KZ тілшісі әншілерге хабарласып көрген еді.

Кейбір әртістер бір емес, бірнеше көліктің иесі екен. Солардың бірі - әнші Нұрлан Абдуллин. Ол көліктерінің ешбірін сатып алмай, сыйға келгенін алға тартты.

Әншінің айтуынша, жиындарда жақсы өнер көрсетсең, ел азаматтары көлік те, үй де сыйлаудан аянып қалмайды. Қазір Абдуллин Range rover маркалы темір тұлпарды тізгіндеп жүр. Әртіс басында қанша автосы барын айтқысы келді де, кейіннен ол ойынан айнып қалды.

Сондай-ақ, "Нұр-Мұқасан" тобының мүшесі Мұқасан Шахзадаев та Range rover маркасын қалайды екен. Бұрын әртіс бір сұхбатында мұндай көліктің шетелде де аса бағаланып, "корольдердің көлігі" болып есептелетінін  мақтанышпен  айтқан болатын.

Әншілердің арасында үлкен сұранысқа ие тағы бір көлік маркасы - Land cruiser.  Шығармашылығы мен кәсіпкерлігі өрге домалап келе жатқан Тоқтар Серіков өзінің Land cruiser көлігі бар екенін айтады. Ал ұзынқұлақтың әңгімесі бойынша халықтың сүйікті әртісі - он шақты көліктің иесі.

Әдемі даусымен елдің ерке қызына айналған Алтынай Жорабаева да Land cruiser айдаса, оның жары әрі директоры Сәбит Әбдіхалықов та осы марканы таңдаған.

"Менікі қара ат, Алтынайдікі ақбозат, екеуімізде де арғымақ",- деп әзілдейді Сәбит көліктері жайында.

Әнші Айқын да өнердегі аға-әпкелерінен қалыспай, Land cruiser көлігін мінгеніне біраз уақыт болыпты.

Әнші Шәкизаданың қазіргі көлігі - Land Cruiser Prado екен. Автокөлігін жиі ауыстыратын өнер иесі 3-5 жыл сайын жаңа көлік тізгіндегенді ұнатады. Халық арасында әншінің 12 жылда бас-аяғы 40-тан асып түсетін көлік ауыстырғаны туралы сыбыс бар.

Ал Lexus маркасын бағалайтындардың қатарында "Мұзарт" тобының солистері, Медеу Арынбаев және  Мәдина Сәдуақасова мен Бағдат Сәмединова бар.

Еліміздегі ең қымбат шетелдік көліктердің иесі - Қайрат Нұртас. Көпшілікке оның меншігінде қанша автокөлігі бар екені беймәлім.

Әнші Instagram парақшасында құны 298 мың доллар тұратын Bentley Continental GT автомобиль сатып алғанын мақтана мәлімдеген еді. 4 мыңнан астам лайк жинаған сурет кейбір жанкүйерлердің наразылығын тудырған.

Қайрат Нұртастың меншігінде біз білетін Lexus LX570 және қара түсті Gelandewagen көлігі бар.

Сондай-ақ, елімізге танымал әзілкеш Нұртас Адамбай да Gelandewagen маркасын пайдаланғанды ұнатады. Әртістің қара түсті Gelandewagen автокөлігінің фотосын Баян Есентаева мен Динара Сәтжан Sky Studio бағдарламасында көрермен назарына ұсынып, Нұртасты сұрақ-жауаптың астына алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/922513-qazaqstandyq-zhuldyzdar-qanday-kolik.html