RU

Бокс: Дохада 5 әлем чемпионының есімі белгілі болды

Дохада өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 5 салмақ дәрежесі бойынша жаңа чемпиондардың есімдері белгілі болды.

49 келі салмақтың көшін кубалық Йоандри Аргилагос бастады. Екінші орынды ресейлік Василий Егоров иеленсе, үздік үштікті украиналық Дмитро Заготаев пен Филиппиндік Ладон Роген түйіндеді.

56 келі салмақта Ирландия боксшысының бағы жанып, әлем чемпионы атанды. Бұл салмақта күміс жүлдені өзбек боксшысы Муроджан Ахмадалиев жеңіп алды. Жүлделі үшінші орынды Болгария боксшысы Дмитрий Асанов пен индиялық Шива Тапа иеленді.

64 келі салмақтың көшін ресейлік Виталий Дунайцев бастаса, екінші орынға өзбекстандық Фазлиддин Гайбназаров жайғасты. Бұл салмақта үшінші жүлделі орынға Таиланд боксшысы Масук Вуттичай мен кубалық Яснэль Толедо қол жеткізді.

75 келі салмақта кубалық Арлен Лопес чемпион атанды. Екінші орынды тағы бір өзбек боксшысы Бектемир Меликузиев жеңіп алды. Бұл салмақтың қола жүлдесін Египеттен келген Хосам Абдин мен ирландиялық Майкл О"Рейли өзара бөлісті.

Ал 91 келіге дейінгі салмақта ресейлік Евгений Тищенко чемпиондық атаққа қол жеткізді. Күміс жүлдені кубалық Эрисланди Савон жеңіп алса, жүлделі үшінші орын украиналық Геворг Манукянға бұйырды.

Еске сала кетсек, бүгін Катарда өтіп жатқан әлем біріншілігінің соңғы күні. Аталмыш чемпионатта қазақстандық екі боксшы Данияр Елеусінов пен Иван Дычко алтын жүлдеге таласатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/923366-boks-dokhada-5-alem-chempionynynh-esimi.html