RU

Ақтауда 15 жастағы қыз консервіленген қиярдан уланып, қайтыс болды

Ақтауда 15 жастағы қыздың өліміне тамақтан улану себеп болған. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау департаментінің басшысы Руслан Бектубаев хабарлады.

«Анамнезден 14 қазан күні әуелі 15 жасар қыз, содан кейін оның 10 жасар інісі мен әкесі өздерін нашар сезіне бастағаны белгілі болды. Үшеуінде де бірдей белгілер болды - 7-10 ретке дейін құсу. 15 қазан күні таңертең анасы қызын ұйқысынан оята алмаған соң жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды. Өкінішке қарай, дәрігерлер қызға көмек көрсетуге үлгермеді. Қыз бала олар келгенше көз жұмды. Оның ағзасы улануға төтеп бере алмады. Ер адам мен бала ауыр халде Маңғыстау облыстық ішек аурулары ауруханасына жеткізілді. Оларға «Тамақтан болған токсикоинфекция, ботулизм» алдын ала диагнозы қойылған», - деп баяндады Бектубаев.

Алдын ала эпидемиологиялық зерттеуге сәйкес, улануға консервіленген өнімді ашық күйінде ұзақ сақтау себеп болған. Анасы сол күні корнишон қиярлары қосылған ас пісірген, ал оларды дұрыс сақтамау улануға себеп болуы мүмкін.

«Науқастардан қан талдамалары алынып, үйден улануға себеп болуы мүмкін азық-түліктер алынған. Қазіргі кезде бала жансақтау бөлімінде жатыр, ер адамның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Облыстық аурухананың ішек аурулары бөлімінің дәрігерлері оларды аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Сондай-ақ біз анасының денсаулығын да қадағалап отырмыз», - деп хабарлады Р.Бектубаев.

Қазіргі кезде Маңғыстау облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті нақты диагнозды анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/924164-aqtauda-15-zhastaghy-qyz-tamaqtan-ulanyp.html