RU

"Семей аруы-2015" атағын 21 жастағы Жанна Әкімова жеңіп алды (фото)

Жыл сайын өтетін дәстүрлі «Семей аруы-2015» байқауында 9 бойжеткен бақ сынады. Қыздар арасындағы байқау осымен 7-ші рет өткізіліп отыр. Соңғы сайыс аймақаралық деңгейде жүргізіліп, оған Семейдің ғана емес, жақын маңдағы аудандар мен Барнаулдың өкілдері де қатысты.

Байқау директоры Айна Тоғысованың айтуынша, жыл сайын байқаудың әр қырына ерекше мән беріледі. Биылғы жылы сайыста жергілікті сәнгердің киіміне аса назар аударылды.

Байқауда бойжеткендер 4 кезеңде бақ сынасты. Ұлттық киімде өнер көрсеткен арулар кейіннен сәнгерлердің арнайы көйлектерін киіп, көрермендер алдында паш етті. Бұған қоса, арулар билеу қабілетімен де көзге түсіп, байқаудың соңы кешкі сәнді көйлектерді сахнаға киіп шығумен аяқталды.

Қазылар алқасының пікірінше, байқауда 21 жастағы Жанна Әкімова өзге арулардан оқ бойы озып шықты.

Жеңімпаз Семей тұрғыны Алматыдағы спорт академиясының студенті екен. Оған «Семей аруы-2015» тәжі табыс етілді.

Вице-мисс атағы үш аруға берілді: болашақ стоматолог 21 жастағы Аида Құрманғалиева, 20 жастағы экономист Дидара Боранғалиева және 20 жастағы сән салонының қызметкері Гүлім Төлеубаева.

Сондай-ақ, Семей аруы Жанна Әкімова 10 желтоқсанда Астанада өтетін «Қазақстан аруы» байқауына жолдама алды. Республикалық сайысқа тағы бір семейлік бойжеткеннің қатысуға мүмкіндігі бар, оны ғаламтор қолданушылары дауыс беру арқылы таңдайтын болады.

Еске сала кетейік, соңғы рет семейлік ару 2013 жылы Қазақстанның вице-миссі атағына ие болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/927986-semey-aruy-2015-zhenhimpazy-21-zhastaghy-zhanna.html