RU

NUR.KZ оқырмандары отандық шоу-бизнестегі ең тартымды жігітті таңдады

Отандық шоу-бизнестегі ең тартымды жігітті анықтауда біздің сауалнамаға елдің ең танымал тұлғалары таңдалды. Жеңімпаздар халықтың дауыс беруі арқылы белгілі болды.

Нәтижеге сәйкес, тартымды жігіттердің ондығына төмендегі шоу-бизнес өкілдері кірді.

10 орын. Әнші Бүркіт

Бүркіт пен Аишаның шығармашылығына қатысты мәселенің бәрін Бүркіттің өзі шешеді. Жақында әнші жас әртістердің өнеріне қолдау білдіріп, қолғабыс жасады. Енді жеке шығармашылығынан бөлек, Бүркіт "Хайат" тобының продюсері атанды.

9 орын. Әнші Айқын

Айқын - танымал әртіс қана емес, сондай-ақ үлгілі отағасы. Жеке өмірі туралы айтқанды ұнатпайтын Айқын Ансар атты ұлын тәрбиелеуде.

8 орын. Актер Саят Исембаев

Бірқатар сәтсіздіктен соң Саят Исембаев кино саласынан кетуді ұйғарған болатын. Бірақ, "Рэкетир" фильміне бас кейіпкер болып тағайындалғанда актер өз шешімін бірден өзгерткен. Қылмыстық драма бір мезетте Саятқа ел арасында танымалдылық әкелді.

7 орын. Актер Дәстен Шәкіров

Режиссер Ақан Сатаевтың  90-жылдардағы өмірді баяндайтын фильмі Дәстен Шәкіровке де танымалдылық әкелді.  Атышулы "Рэкетир" киносының екінші бөлімі 8 жылдан соң түсірілді. Фильмде Була есімді кейіпкерін сомдау үшін Дәстен 12 келіге азған.

6 орын. Актер Максим Акбаров

Максим Акбаров актерлік мансабынан бұрын брейк биін үйретуші, журналист, бағдарлама жүргізушісі және продюсер болып істеген. Телекөрермендер Акбаровты "Сказ о розовом зайце" фильмінен кейін өзіне жақын қабылдады. Қазірде Акбаров "Қазақфильм" киностудиясының PR-директоры қызметін атқарады.

5 орын. Әнші Мейрамбек Беспаев

"Мұзарт" тобының солисі Мейрамбек Беспаев әртістік өмірдің қыр-сырын жастайынан біліп өскен. Музыкалық мансабынан басқа, әнші кино саласында да бағын сынады. 1992 жылы Беспаев "Қоштасқым келмейді" фильмінде алғашқы рөлін сомдады. Сондай-ақ, өнерпаз жігіт "Ғашық жүрек" және "Ғашық жүрек 2" фильмдерінде басты кейіпкерді сомдады.

4 орын. Актер Нұрлан Әлімжанов

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Әлімжан мектеп қабырғасынан ән жазып, өлең шығара бастаған. Актер бүгінгі күнге дейін музыкаға көп уақытын бөледі. Оның ең танымал әндерінің бірі - Қайрат Нұртастың орындауындағы «Ол сен емес» әні. Нұрлан бұл әннің сөзін де, әуенін де өзі жазған.

3 орын. Актер Берік Айтжанов

Өнер академиясын аяқтаған соң, Берік Айтжанов театр төңірегінде көп аялдаған жоқ. Фильм режиссерлері жас актердің қабілетін бірден байқап, оны кино саласына шақырған. Қазақстандық фильмдерден басқа, Айтжанов ресейлік "Застава", "Настоящий Полковник", "Мұстафа Шоқай" сынды кинокартиналарда актерлік шеберлігін паш етті.

2 орын. Актер Санжар Мәдиев

Экономист мамандығын тәмамдаған Санжар Мәдиев кеңсе жұмысы мен түсірілім алаңын таңдауда көп ойланған. Актердің кинодағы ең алғашқы қадамы "Көшпенділер" туындысынан басталған. Кейіннен актер Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, одан әрі Нью-Йорктің киноөнері академиясын да бітірген. Бүгінде актер отандық фильмдердің бас кейіпкерлерін сомдап жүр.

1 орын. Актер Тәуекел Мүсілім

Баян Есентаева түсірген телехикаяның бас кейіпкерін ойнаған Тәуекел халыққа бірден танымал бола бастады. Қазір Тәуекел актерлік мансабы мен жүргізушілік, музыкалық қабілеттерін қатар алып жүр.

" Менің жанкүйерлерімнің көпшілігі - мектеп оқушылары. Жас қыздар көп нәрсені терең байыптай бермейді. Олар тартымды жігітті түр келбетіне қарап таңдай салған болуы керек. Нағыз ер жігітті ісіне, жеткен жетістігіне, басқа қасиеттеріне қарап бағалайды", -  деп ойын жеткізді актер.

Бұған қоса, Тәуекел Мүсілім мұндай байқауларды аса ұнатпайтынын да атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/932315-nur-kz-oqyrmandary-otandyq-shou-biznestegi.html