RU

Ұлттық банктің жаңа төрағасы девальвация туралы сұраққа жауап бермеді

Ұлттық банктің жаңа төрағасы болып тағайындалған Данияр Ақышев девальвация туралы сұраққа жауап бермеді деп хабарлайды КТК арнасы.

Жаңа қызметке еш қарсылықсыз тағайындалған Данияр Ақышев құттықтау қабылдап үлгермей жатыр. Енді ол үлкен даумен орынтағынан айырылған Келімбетовтің орнына Ұлттық банкті басқарады. Сенат залынан бақыттан басы айналып шыққан су жаңа бас банкир тілшілерге де қарамай қашып кетті.

"Құрметті тілшілер. Сұхбатты сәл кейінірек беремін", - деді Данияр Ақышев.

Жауапты қызметке тағайындалғаны сол еді Данияр Ақышевті президент Ақордаға шақыртып маңызды тапсырмаларды жүктеді. Енді ол теңгеге деген сенімді күшейтіп, Ұлттық банктің халық алдында жоғалған беделін қайтаруы керек.

"Теңге жоқ. Жұмыс істейтін теңге болу керек. Ол жоқ болған соң долларға көшіп жатыр барлығы. Бұның бәрі мамандардың біліктілігімен шешілетін көп жағдай болады. Соған байланысты Ұлттық банктің төрағасының орнына Данияр Ақышевті тағайындау туралы шешім қабылдап отырмын", - деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Данияр Ақышев Ұлттық банкте өмірінің тең жартысын яғни 18 жылын өткізіп лауазымды қызметтер атқарды. Әнуар Сәйденов пен аты шулы Григорий Марченко және Келімбетовтің де орынбасары болған. Сол кезде Ақышов теңгені құнсыздандыру идеясын қатты қолдаған екен. Осы кезге дейін президент әкімшілігінде әлеуметтік экономикалық бөлімге жетекшілік етті.

Ал экс-төраға Қайрат Келімбетов орынтағынан тайғанына ренжісе керек, сенат отырысына қатысқан да жоқ. Енді ол күлкілі мәлімдемелерімен елдің есінде қалатын болды.

Төл теңгені рекордтық көрсеткішке дейін құнсыздандырып кеткен Келімбетовтің қандай қызметке тағайындалары белгісіз. Ұлттық банктің экс-төрағасы ұялы телефонын да сөндіріп тастапты. Ал су жаңа бас банкирдің де девальвацияны жақтаушылардың қатарында екенін ескерсек, төл теңгені алда не күтіп тұрғанын болжау қиын емес.

Еске сала кетсек, бүгін, 2 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовті отставкаға жіберіп, оның орнына президент әкімшілігінде қызмет атқарған Данияр Ақышевті тағайындады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/943546-ulttyq-banktinh-zhanha-toraghasy-devalv.html