RU

Әркім білуі тиіс қазақ тіліндегі 10 сөз

Қазақ тілі - әлемнің ең бай тілдерінің бірі. Алайда сөздік қоры шексіз қазақ тілінің кей сөздері өзге ұлттарға да таңсық емес.

«Сәлеметсіз бе», «рахмет», «кешіріңіз», тіпті «ал енді өзіміз отырып шай ішейік» деген сөздерді өзге ұлт өкілдері ұғып қоятын болған.

NUR.KZ порталы әркім білуі тиіс қазақ тіліндегі 10 сөзді Comode-қа сілтеме жасап назарларыңызға ұсынады.

«Өзінше»

«Өзінше» сөзі көбінесе кеудесін көтеретін жандарға айтылып жатады. Егер сізге «неге өзіңше болып жүрсің» немесе «өзіңше болмашы» десе аздап "жерге түсуіңізді" сұрап отыр деп қаблдауыңызға болады.

«Қойшы!»

«Қойшы!» дейтіндердің бірі осылайша сенгісіз ақпаратқа таңырқағанын білдірсе, енді бірі ұнатпаған әрекетті «Қойшы!» дей отырып, доғаруын талап етеді.

«Бісіміллә»

Бұл сөз араб тілінен шыққан болса да, әрбір қазақ оны бірдеңеден үрейленген сәтінде айтып жатады.

«Бәсе!»

«Бәсе» сөзін қазақтар көбіне ақпаратты өздері-ақ бұған дейін біліп тұрғанын аңдату үшін айтады.

«Базар жоқ»

«Базар жоқ» - айтушының қандай да бір әрекетті немесе затты мақтауын білдіреді. Кей кездері тым артық кеткенін байқату үшін де қолданып жатады.

«Құдай қаласа»

«Құдай қаласа» – болашақта болуы тиіс дүниені айтқанда қолданады. Сүйіктісі "қашан некемізді қиямыз" деп тығырыққа тіресе, «Құдай қаласа» деген жауаппен оңай құтылып жататындары да жоқ емес.

«Қарындас!/ Тәте»

Нәзік жандыларға «Қарындас» деп қырындайтындар да бар, сыйластықпен «қарындас» деп айтатындар да бар. Ең бастысы бойжеткенге бұл сөз қандай ниетпен айтылғанын дұрыс ажырата білу.

«Жаным сол!»

«Жаным сол» – өте жақын адамдарға немесе ғашықтарына айтылатын еркелету сөзі. «Жаным сол» деп әндеткен Сон Паскаль бұл сөздің мағынасын жақсы түсіне алған сияқты.

«Солай»

«Солай» сөзінің қолдану аясы кең. Керемет қызық жаңалықты баяндап болғанын байқату үшін сөздің соңына нүкте ретінде айтатындар бар. Ал "солай де" десе, әңгімеңізге қосар ештеңесі жоқтан құтылуға тырысудың амалы ретінде қарастыра беруіңізге болады.

«Оқасы жоқ»

Бірнеше жыл бұрын бұл сөз айтарлықтай қолданыста болмаған. Алайда қазір әрбір қазақ алғысқа жауап ретінде «Оқасы жоқ» немесе «Арзымайды» деп жатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/946474-arkim-bilui-tiis-qazaq-tilindegi-10-soz.html