RU

ЛА 155/6: Аса ауыр қылмыс жасаған жеткіншектер түрмесі

Қазіргі таңда еліміз бойынша аса ауыр қылмыс жасаған 66 жеткіншек Алматыдағы Ла-155/6 түзету мекемесінде жазаларын өтеп жатыр. Олардың ең жасы 15 - те.  Қазақстан заңы бойынша балалар жазаға 14 жастан бастап тартылады.

Мекеме қызметкерлерінің сөзінше темір торға тоғытылған бозбалалардың басым көпшілігі - адам өлтіргендер. Одан кейін қыз зорлап, ұрлық жасағандар.

Халық арасында қылмыскердің барлығы жетімдер мен жағдайы төмен отбасыдан шыққандар деген түсінік қалыптасқан. Алайда, түзету мекемесіне келіп, сотталған жеткіншектермен тілдескенен соң оның қате пікір екеніне көз жеткіздік.

Бүгін біз бесіктен белі шықпай жатып адамның айтуға аузы бармайтын ауыр қылмыс жасаған балалармен жүргізілген сұхбатты назарға салып, олардың түрмедегі өмірі жайлы сөз етпекпіз.

NUR.KZ  тілшілері ЛА - 155/6 түзету мекемесіндегі балалардың өмірімен танысу үшін рұқсатты 1 апта бұрын сұрады. Фотограф пен журналисті күзетшілер ғимаратқа кіргізбес бұрын он шақты тексеруден өткізіп, фотоаппарт, қалам мен қағаздан басқаны түгелдей алып қалады. Бұл жерде, тіпті өз қызметкерлерін де күнделікті осылай тексереді. Ішкі аумаққа телефон, тіпті темекі алып кіруге рұқсат жоқ.

Сотталған жеткіншектердің барлығы түске дейін ғимарат ішіндегі мектепте тәлім алады. Мұнда сабақтар кәдімгі білім мекемелеріндегідей жүргізіледі. Тек әрбір сыныптың ішінде оқушылардың іс-әрекетін қадағалап мұғалімнен бөлек 2 полиция қызметкері тұрады. Себебі, ұстаздардың барлығы әйел азаматтар және оларды ауыр қылмыс жасағандармен жеке қалдыруға болмайды деп түсіндірді мекеме басшылары.

Жалпы балалар түрмесінде 3 сынып бар. Олар жасына қарай бөлінген. Ұстаздардың айтуынша, сотталған бозбалалар тарих, география, әдебиет пәндерін жақсы оқиды.

Мекемеде мектепті тәмәмдап, қолына аттестат алған он шақты жеткіншек те тұрып жатыр. Олар түске дейін түрме ішінен ашылған бәліш цехы, асхана және күту бөлмелерінде ақылы жұмыс жасайды.

Ал түскі астан соң түрлі мамандық бойынша білім алады. Оның ішінде дәнекерлеуші, аспаз, тігінші сынды үйірмелер мен курстар да бар.

Жалпы түрмеде отырған жеткіншектердің түрлеріне қарап, ауыр қылмыс жасады дегенге сену қиын. Барлығының көзінде әлі де болса балалық бар. Тіпті бойы кішкене бүлдіршін әкесін бауыздады дегенді естігенде мүмкін емес дерсіз.

Бірақ балалар істеген қылмыстарын мойындайды, өкінеді. Тіпті бұл қылмысқа не үшін барғандарын да еш бүкпесіз ашық айтады.

Батыр 18 жаста, кісі өлтіргені үшін 7,5 жылға сотталған, бір үйдің жалғыз баласы.

«2013 жылы саябақта екі досыммен түнделетіп қыдырып жүргенбіз. Екі жігіт бізге ұзақ қарады. Оның көз қарасын ұнатпадым да, қасына барып неге тесіле қарайсың деп тиісе бастадым. Олар жауап қайтарды. Шыны керек, төбелесіп, өзімді достарымның алдында «крутой» көрсеткім келді. Қайта барып, ана жігіттерді ұра бастадым. Артынша төбелес басталды. Кішкентаймын ғой. Жеңіліп бара жатқан соң, жолдың жиегіндегі кірпішті алдым да, біреуінің басынан ұрдым. Ол жерге құлады. Біз қашып кеттік. Басына кірпіш тиген жігіттің қайтыс болғанын полициядан естідім. Қазір қиындық менен гөрі анамда. Оған жаным қатты ашиды. Келген сайын жылайды. Өзі азып, қатты қартайып кетті. Бостандыққа шықсам заңгер мамандығына оқуға тапсырам. Ақша тауып, анамды бағып өтем. Қадірін енді түсініп жатырмын", - дейді ол.

Арнұр, 17 жаста, қасақана адам өлтіргені үшін 7 жылға сотталған. Үйінде анасы мен әжесі бар. Түрмеде отырғанына 2 жылға жуықтады.

«Үлкен балалармен дос болдым. Олардың түсінігі де үлкен деп қатты сыйлайтын едім. Сол досымның бірі түнде қалаға алып шығып, жолда кетіп бара жатқан мас азаматқа тиісе бастады. Сосын жерге жығып, алып ұрды. Мен қасында болдым. Бір-екі рет тепкен шығармын. Есімде жоқ. Бірақ, мен өлтірген жоқпын. Ал сотта бірге өлтірді деген үкім кесіп, досыма 11 жыл, маған 7 жыл берді. Қазір өкінемін. Анамды тыңдап үйде отырсам осылай болмас еді. Сенесіз бе, түрме маған өмірдің не екенін түсіндірді. Терезеге қарап, бостандықта жүрген адамдарға қарап, қатты қызығамын. Автобусқа мініп, халықты көру арманым», - дейді Арнұр.

Түрмеге ең жас болып түскендердің бірі - Айдын. Небәрі 14 жасында 5 жылға сотталған. Қылмыс жасауына жоқшылық емес, тоқшылық пен еркеліктің кесірі тиді дейді.

«Үйде 3 ағам бар. Мен кенже баламын. Сондықтан туыстарым қатты еркелетеді. Менің айтқанымның бәрі заң еді үйде. Небір бұзықтық жасасам да ешкім ұрыспайтын. Содан болар, ойыма не келеді соны істейтінмін. 2012 жылы ауылдағы көршім су жаңа "Лада" көлігін сатып алған. Соны достарыма көрсетіп мақтанайын деп есігінің алдынан рұқсатсыз айдап әкеттім. Достарымды ішіне толтырып алып, ауданға бардық. Артынша бензині біткен соң жолдың бойына тастап кетіп қалдым. Ісіме көршіміз қатты ашуланып, мені полицияға ұстап берді. Өзімнің кінәлі екенімді түсіндім. Бірақ құтылып кетем деп ойладым ба білмеймін, ол кісіден кешірім де сұраған жоқпын. Қазір осы қылмысқа бірге барған досым 6 жылға сотталып, үлкендер калониясында жазасын өтеуде. Ал мен осы жерде жазамды өтеп жатырмын», - дейді ол.

Айдынның арманы ертерек бостандыққа шығып, ренжіткен көршісінің алдында тізерлеп тұрып кешірім сұрау. Одан қала берді Тұрсынбек Қабатовтың театрында жұмыс жасауды арман етеді.

«Қанат Әлжаппаров сияқты автоматты, машинаның дауыстарын айнытпай саламын. Теледидардан Тұрсынбектің әзілдерін көріп, дайындалып жүрмін. Бостандыққа шыға сала «Базар жоқ» театрына барып, өз өнерімді көрсетемін. Түбі әртіс боламын», - дейді ол.

ЛА-155/6 Түзету мекемесі басшысының уақытша қызметін атқарушы Ертай Саппарұлының балалар түрмесінде қызмет атқарып жатқанына он жылға жақындаған. Маманның түйгені - жеткіншектер қылмысқа үлкеннің жетегімен барады.

«Балалармен сөйлесіп отырсаң, барлығы жасы үлкен досы барын айтады. Сонымен бірге жүріп осылай болды, сол айтқан соң жасадым дейді. Сондықтан да ата-аналарға айтарым, бала өз қатарласымен ғана араласқаны дұрыс. Ауыр қылмыс жасағанның барлығы түнгі сағат 11-ден кейін үйде болмағандар. Мұнда тәрбиеленіп жатқан балалардың 60 пайызы -  қазақтың қара домалақтары. Басым көпшілігі жағдайы жақсы отбасыдан шыққан немесе бір үйдің жалғыз еркесі. Сол себепті, ер бала тәрбиесінде әкелер қатал болуы керек», - дейді ол.

Түзету мекемесіндегі жеткіншектер үшін тәртіп ең бірінші орында. Себебі, оның ертерек бостандыққа шығуы тікелей өзіне байланысты. Балалар түрмесінде «кешірім» деген болмайды. Егер сотталған жеткіншек бірінші рет тәртіп бұзса - ескерту, екінші рет бұзақылық жасаса - қатаң сөгіс, үшінші рет қайталанса - 72 сағатқа жалғыз қамалады. Ал жиі ескерту алған бала үйіне ерте қайтам деп армандамаса да болады.

ЛА-155/6 түзету мекемесіндегі күзет қызметі өте жоғары. Он шақты қоршау орнатылғаны былай тұрсын, әрбір қақпада лазерлік дабыл жүйесі жұмыс жасайды. Аумақты әрбір 10 минут сайын полиция итпен тінтіп, артық адам жүрмеуін қадағалайды. Басшылардың сөзінше, мұндағы қызметкерлердің саны сотталушылардан екі есеге көп.

Себебі, 2000 жылы түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан 5 сотталушы жеткіншек дәрігер Айдарбек Сабырбековті азаптап өлтіріп, киімін киіп, қашпақ болған. Ал 2010 жылы бір сотталушы мекемеден қашып кеткен еді.

Сотталған жеткіншектер кешкі сағат 22:00-де ұйықтауға жатып, таңғы сағат 6:00-де тұрады. Барлығы үлкен казармада ұйықтайды. Бұл жерге де бейнебақылау қойылып, күзетшілер жіті қадағалап отырады. Тіпті рұқсатсыз түнде тұруға да тыйым салынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/949679-balalar-turmege-qalay-tusedi.html