RU

Әлемдегі ең кең таралған есім белгілі болды

АҚШ-тың адам есімдері жөніндегі танымал сарапшысы Лора Уоттенберг әлемдегі ең кең таралған есімді анықтады. Ол - София.

Бұл туралы The Independent басылымы жазды.

Сарапшының айтуынша, әлемнің ірі 9 елінде София есімі өте жиі қыздарға қойылған. Сондай-ақ, тағы 20 елде осынау есім таралуы жағынан екінші және үшінші орынды алады екен.

Уоттенбергтің айтуынша, София есімін әр ұлт өз тіліне қарай бұрмаламай, бірдей етіп атайды. Бұл жаһанданудың белгісі дейді ол. Оның үстіне, София кез-келген тілде айтуға жеңіл. Ал, қазақшаға аударғанда ол "Дана" деген мағынаны білдіреді. Демек қазақ қыздарының арасында да бұл есім өте кең таралған.

Айта кетейік, Лора Уоттенберг бұл зерттеуін жүргізу үшін 49 елдің мәліметтерін жинаған. Оның зерттеу жұмысына Қытай, Үндістан, Нигерия және Бразилия сынды халқы өте көп мемлекеттер кірмепті. Өйткені, аталған елдерден мәлімет алу мүмкін болған жоқ дейді ол.

Маманның айтуынша, ерлер арасында ең көп таралған есімдер тізімін бірнеше жылдан бері Мұхаммед есімі бастап келеді екен.

"Бұрын ата-аналар балаларына Мария мен Иоанн (Джон) есімдерін жиі беретін. Ал, қазір жағдай өзгеріпті, діни есімдер сақталған, бірақ, кейіпкерлері басқа" дейді ғалым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/950289-alemdegi-enh-kenh-taralghan-esim-belgili.html