RU

Сары әулие: Тәуелсіз Қазақстанға исламды тұңғыш әкелген мұсылманмын

Өткен ғасырдың 90 жылдарында халық арасында «Сары әулие» атымен танылған Марат қажы Есенбаев қайда, немен айналысып жүр? Атышулы емші расында да әйелқұмар, бай-манап па? NUR.KZ тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, ағынан жарылған қажы өткені мен бүгіні жайлы кеңінен әңгімеледі.

Жат ағымның жетегінде кеткендермен күрес

- Көпшіліктен жырақ кетіп, соңғы уақытта сирек көрініп жүрсіз. Бүгінде немен айналысасыз?

- Мен қазір діни сауатсыздыққа қарсы жұмыс жасап жатырмын. Ал дертіне ем іздегендерді уақытым бос болса қабылдаймын. Кейде күніне 2 адам, кейде айына 2-3 адамды ғана емдеймін. Ал негізгі менің міндетім - салафизм сынды секталармен күрес. Ол үшін облыстардағы үлкен мешіттерге барып, уағыз айтамын. Нәтижесі жаман емес, тек соңғы айда жат ағымның жетегінде кеткен 40-тан астам отбасы дәстүрлі исламға бет бұрды.

- Уағыз айту үшін мешіттерге сізді имамдар шақыра ма?

- Тек имамдар ғана емес, әкімдер, басқа да басшылардың өтінішімен барамын. Мешітте ғана емес, генералдардың шақыруымен әскери бөлімшелерде де жұмыс жүргізіп жатырмын. Яғни, тероршылармен күресетін арнайы жасақпен кездесіп, оларға бұл істің маңыздылығын түсіндіремін. Көпшілік түсіне бермейді, жат ағымның не екенін. Соның ішінде әскерилер де бар. Олардың ойында «дінге бет бұрған мұсылмандармен күрессек, өзіміз тозаққа барамыз, дінді дәріптегенде тұрған не бар?» деген күдік басым.

- Неге емшілікті екінші орынға қойдыңыз? Бұл сіздің басты кәсібіңіз емес пе?

- Қазір Қазақстандағы мұсылмандар қатты адасып жүр. Жан-жақтан қаптаған жат ағымдықтар халықты жұлмалап жатыр. Кімдікі дұрыс, тура жол қайда екенін білмей ел шаршаған. Сондықтан да ең бірінші оларға ем емес, жүректеріне сенім ұялату керек. Ал ауру да осы сенімсіздіктен пайда болады. Мен емдеуді мүлдем қойып кеткен жоқпын. Еліміздегі барлық өнер жұлдыздары, анау биліктің төрінде отырғанның барлығы дерлік менен шипа алады әлі күнге.

- Алдыңызға келген жұлдыздар мен шенеуніктер тек ем қабылдай ма, әлде басқа өтініштері де бар ма?

- Адам деген пенде ғой. Сондай үлкен қызметте отырған әкім, депутаттар мен министрлер келіп, өзінің қарсыластарына, оппозицияға қарсы дуа жасап беруді сұрайды. "Сайлауға түсем, жолымды ашшы. Қауіпсіздік қызметі келеді, елдің болашағы қалай болады, болжаңызшы" деп жатады. Саясаттарына араласып, жол сілтеуімді өтінеді. Тіпті банктың басшылары келіп, «ақша деген көл көсір, бірақ бақытсызбын, неге?» дейді. Шыны керек, бұл да -  ауру. Оның емі де қиын. Оларға бақыттың кілті билік пен байлықта емес екендігін түсіндіріп-ақ, шаршаймын, энергиямның көбісі соларға кетеді. Себебі, диагнозы бар ауруға шөптен жасалған дәрі беріп, дем салсаң қайтады. Ал көзі мен жүрегі қарайған, сезімі жоқ адамға ем қонбайды.

- Сонымен шенділердің сұрауы бойынша, дуа, көріпкелділік жасайсыз ба?

- Жоооқ. Ол не дегеңіз? Мен дуа жасамаймын. Дуаға шалдыққандарды емдеймін. Оның өзін құрандағы дұға, сүрелермен ғана. Ал жаман оймен келгендерді айнытып, түзу жол сілтеймін. Кейбірі түсінеді, кейбірі мені көрместей болып кетіп жатады. Себебі, шындық бәріне бірдей жаға бермейді. Ал мен бай мен шенеуніктің қызметінен де, құдіретінен де қорықпаймын. Беттеріне айтамын, дертіңнің диагнозы - атаққұмарлық, байлық, билік деп. Ойыңды түзе, ол үшін малыңды шашып, кедейлерге жәрдем ет деймін. Осы сөзім ұнамайды, ал кейбірі құлақ асып, артынша сәл болса да жеңілдеп қалдым деп, қайта келеді.

- Атыңызға қарай тек шенді-шекпендіні ғана қабылдайсыз ба? Ауруына шипа іздеген кедейлер қайтпек сіздің еміңізді алу үшін?

- Қазір үйдегі 2 үлкен қойын дәптер емге жазылған клиенттің тізіміне толы. Оның барлығы байлар емес. Кімнің кезегі келеді соны қабылдай беремін. Ал мен әр емім үшін ақша сұраған емеспін. Әркім шамасы жеткенше және жомарттылығына қарай береді. Жылына бір-екі рет өзім туған Атырау қаласына барып, халықпен жүздесіп, жалпы ем жасаймын. Біреу 500 теңге тастар, енді бірі 2000-5000 теңге берер. Ол жағына үңіліп қараған емеспін. Мен үшін ең бірінші олардың сауығып кетуі мен ризашылығы.

- Тәуелсіздік алған жылдары халыққа теледидар арқылы да ем жүргізетін едіңіз. Қазір де солай ма?

- Көп адам ойлайды, Сары әулие теледидар арқылы, фотоға қарап қолын сілтеп, емдей береді деп. Олай емес. Мен ғылыми медицина арқылы емдеймін. Алдымен дәрігерлер қойған диагнозға қарап, дем саламын, ішетін суына дұға оқимын немесе дәрілік шөптер арқылы шипа жасаймын. Барлық емім құран жолымен. Ана таяғымен сілтеп, басына үкі тағып, бір сипағаннан жазылып кетті дегеннің бәрі далбаса, мен оларды мойындамаймын. Емнің негізгі жолы тек құранда.

Мұстафа Өзтүріктің өзі қолымды сүйіп, басын иген еді

- Сізді халық «Алланың досы» деп санап, тіпті тәу етеді деп естідік, осы рас па?

- Бірде Кеңсай қорымынан жерлеуден қайтып келе жатып, бір азамат «Сары әулие сіздің қолыңызды алып, амандасайын» деп тізерлеп, қолымды сүйді. Шыны керек танымадым. Дереу «бауырым тұр. Бұл дұрыс емес, маған тәу ететіндей мен пайғамбар емеспін. Өзің секілді мұсылманмын» дедім. Қасымдағы бір-екі жігіт бұл Мұстафа Өзтүрік деп айтты. Орнынан тұрған азамат мен сізге тәу етіп жатқан жоқпын, уағыздарыңызды естіп, ізеттілігімді және ризашылығымды білдірдім деді. Шыңғыс Айтматов та әуежайда жолығып, қолымнан сүйіп, басын иген еді. Алайда, сырттан көрген халық оны басқаша түсінеді. Мен ешқашан өзімді «әулие», «Алланың досы» санаған емеспін. Тіпті «Сары әулие» деген атты да халық берді. Болмаса мен жүрген жерімде Марат қажымын деп таныстырамын. Бірақ көбінесе осы лақап атыммен таниды. Ал тәуелсіз Қазақстанға исламды тұңғыш әкелгенімді ашық айтамын. Ол факт. Дүркіреген Кеңес үкіметі тұсында қорықпай халыққа исламды алғаш дәріптеген мен. Осы үшін қанша қудалауға түстім, қорқытты-үркітті. «Мені алаяқ» деп қамауға дейін барған кезде, Шерхан Мұртаза бастаған қоғам қайраткерлері қол жинап, аман алып қалған. Олар менің емшілігімді емес, елге жасап жатқан істерімді бағалады.

- 90 жылдары халықты жиып күні-түні ем жүргіздіңіз, олармен етене арластыңыз. Қазір де халықпен жұмыс жасаймын дейсіз. Осы тәуелсіздік алған 24 жыл ішінде халықтан қандай да бір өзгерісті байқайсыз ба?

- Қатты байқаймын. Кеңес үкіметі тұсындағы халықпен қазіргі халықтың арасы жер мен көктей. Қазір адамдар ақшақұмар, тек байлықты ойлайтын болып кеткен. Қайтсем пайда көріп кетсем деген қара ниетті байқап, кейде шошимын. Бұған себеп - жоқшылық. Мен талай ауылдарды араладым. Ішерге асы жоқ отбасыларды жиі көремін, олар көп. Егер жоғарыдағы саясаткерлер дұрыс бағыт-бағдар жасап, бай-бағландар ысырапшылдыққа бармаса, қазақ та қайыршы болмас еді. Бірақ сәл шыдау керек. Қазақтың өркендейтін уақыты жақын қалды. Жер қойнауының байлығына халық ие болатын күн алыс емес.

- Отбасыңызда өзіңіз секілді емшілікке бет бұрған жан бар ма? Олар немен айналысады?

- Құдайға шүкір, шариғат жолымен некем қиылған 4 жарым, 22 балам бар. Оның 11-і - қыз, 11-і - ұл. Соңғы келіншегімнен ұрпақ сүймедім. Себебі, өте жас, өзінің әйелдік парызын білмейді. Барлық әйелім мен балаларым дінге бет бұрған. Бес уақыт намаздарын оқиды. Тек бір қызыммен арақатынасымыз дұрыс болмай, араласпаймыз. Қалғаны мен үшін жандарын қиюға әзір. Ешкімді хиджап киіп, ораза ұстауға үгіттеген емеспін. Үйімізде - еркіндік. Қыз балалар орамалды тек намаз уақытында тартып, қалған уақытта бастары ашық жүреді. Барлығының өз жұмыстары бар. Емшілікпен айналыспайды. Барлығы Атырауда тұрады.

- Өзіңіз қайда тұрасыз?

- Мен қазір Алматыда 2 бөлмелі пәтер жалдап тұрамын. Жеке басымда ел айтқандай асып-тасып жатқан мүлкім жоқ. Бұрын болған - 2 зәулім үй. Жақын бауырым банкке қарызға кіріп, түрмеге түсетін жағдайға жеткен соң коттедждер мен машинамды сатып, соған бердім. Алла қаласа, қарызынан құтылып, аяғынан тұрып кетер. Ал маған дүние маңызды емес. Әрі кетсе 2-3 жыл қиналармын. Жалпы табысымның басым көпшілігін зекетке таратып жіберемін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/951987-sary-aulie-tauelsiz-qazaqstangha-isla.html