RU

Қызылордада жетімдер үйі жойылды

Қызылордада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға арналған балалар үйі жабылды. Себебі, өңірде «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылы салынып, пайдалануға берілді.

Қазақ – жетімін де, жесірін де жылатпаған, өзгеге телміртпеген халық. Дегенмен, қатал заман талабы ма, әлде адамдар бойынан мейірімділік, бауырмалдық қасиеттердің суалуынан ба, қай өңірде де тастанды балалар саны азаймай отыр.

Тарихқа үңілсек, қазақта бұрын-соңды тастанды бала деген ұғым мүлде болмаған. Біз жетімін жылатпай, жесірін босағадан бездірмей, қаңғытпай, қорғап, қамқорлығымызға алған халықпыз.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, қазаққа «Көкек-ана» ұғымы сонау 70-ші жылдары келген екен. Міне, сол уақыттан бері біздің қоғамда құрсағын жарып шыққан баласынан бас тартқан безбүйрек аналар, асырап-бағу сынды жауапкершіліктен қашып жүрген тасбауыр әкелер, көздері жәутеңдеп, кішкентайынан жетімдіктің қамытын киіп, қатарластарымен емін-еркін ойнап-күлуге бата алмай, жалтақтап күй кешіп жүрген тастанды балалар көбейді. Бір сөзбен айтқанда, «бала – бауыр етіміз», «жас ұрпақ – алтын діңгегіміз» деп әспеттейтін тектілігімізді уысымыздан шығарыңқырап алдық.

Мемлекет әке мен шешенің орнын алмастыра алмайтыны анық. Жаңа ғасыр басталысымен елімізде отбасылық үлгідегі балалар ауылдары пайда бола бастады. Бұл мекеннің жетімдер үйінен айырмашылығы көп.

Бұл санаттағы жәутеңкөздердің бір тобы Қызылордада «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленіп жатыр.

Мұнда балалардың ең кенжесі – 3 жаста, үлкені 17-де. Жас айырмашылықтарына қарамастан, олар өзара тату, бір атаның баласындай өсіп келеді. Үлкені кішілерге қамқорлық танытады. Солардың бірі – Медет Дәлі. Ол ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарайды. Жігерлі, патриот, талапты. Білімді болса, абыройлы, сыйлы азамат боларын жақсы түсінеді. Мектепте озат, тәрбиесі жақсы.

"Мен тіс дәрігері боламын деп алдыма мақсат қойдым. 11-сыныпты жақсы бітіріп, ұлттық бірыңғай тестті ойдағыдай тапсырсам, сол мақсатыма жетемін деп ойлаймын", - дейді жас жеткіншек.

Сегіз тұрғын үйден тұратын отбасылық үлгідегі балалар ауылын ашу арқылы Қызылордада жетімдер үйі жойылды. Балалар ауылын құрудағы негізгі мақсат та балалардың қоғамға әлеуметтік бейімделуін жанұялық жағдайда қалыптастыру. Әр шаңырақтың Сарыарқа, Оқжетпес, Үшқоңыр, Байқоңыр, Ақжайық, Алатау деген өз атауы бар.

Бөлмелер заманауи үлгіде жабдықталған, өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Балақайлардың көңілі көтеріңкі. Табалдырықтан аттағаннан отбасылық жылу сезіледі. Әр коттеджде 7-10 баладан тұрады және оларға қамқор болатын өз аналары бар. Яғни, ананың аялы алақанын сезінеді, аналық мейірімге бөленеді. Кәдімгі берекелі ұя, шаттықты шаңырақ. Өздері бақшасын егіп, бірлесіп еңбек етеді.

Балалар ауылының ашылуына қатысқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев жаңа қонысқа құтты болсын айтып, жылы лебізін білдірді.

"Ата-анасыз қалғандарыңыз тағдырдың жазуы. Бірақ сіздер жетім емессіздер. Өйткені әкедей қамқоры Елбасы бар. Мемлекет сіздерді далаға тастамайды. Мынадай зәулім үй салынып жатқаны осы сөзімнің дәлелі. Енді жақсы білім алып, үкілі үмітті ақтаңыздар", - деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев балаларды жігерлендірді.

"Тағдырлары бөлек балалар ғой бұлар. Түрлі қиындықтармен келеді, сондықтан осы балаларға аналық мейірім жетіспей тұратын сияқты. Сол мейірімді балаларға жеткізуге тырысамын. Жүректері нәзік болады. Сондықтан бұл балаларға мүмкіндігінше жылы сөйлеп, жылылықпен, үйдегі өз отбасымызда өз балаларымызды қалай тәрбиелейміз, солай бар жылулықты беруге тырысамыз", - дейді тәрбиеші ата-ана Сәуле Қожбанова.

Балалар ауылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру негізінде «ПетроҚазақстан» компаниясының қаражаты есебінен салынды. Ал, М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледж ұжымы педагогикалық-психологиялық тұрғыда отбасылық тәрбиені насихаттаумен айналысуды мойнына алды.

Тағы бір айта кетерлігі, балалар ауылындағы әрбір үйге демеушілік, қамқорлық жасау мақсатында мұнай компаниялары мен білім беру ұйымдары бекітілді. Олар әрбір мереке күні жеткіншектерге өздерінің қалауы бойынша сый-сияпаттарын жасап, күнделікті керек жарақтарына дейін жеткізіп беруге уәделесті.

Осылайша «Атамекен» балалардың сыңғырлаған күлкісі мен бақытты бал дәуреннің ордасына айналып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/965151-qyzylordada-zhetimder-uyi-zhoyyldy.html