RU

Шымкент әкімі өз сөзінде тұрмаса, қоластындағыларымен бірге қызметінен кетуге уәде берді

Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз сөзінде тұрмаса, қоластындағыларымен бірге орнын босатуға уәде берді деп хабарлайды "ТВК" арнасы.

Қонаев көшесі Ташкент тас жолына қосылуы мүмкін бе? Бұл сыбыс шыққалы Сәуле шағын ауданындағы ағайын мәселенің ақ-қарасын білуге асық.

Қала әкіміне көкейдегі сұрақты төтесінен қойған тұрғындар үйлеріміз бұзыла ма деген қорқынышын білдірді. Тұрғындар жаңа құрылыс бастауға жүрексініп отырғанын да жасырмады. Ғабидолла Әбдірахымов үй иелерінің келісімінсіз бір де бір үй сүрілмейтініне сендірді.

"Біреудің тұрып жатқан үйін бұзу - қиянат. Менің олай жасағым келіп жатқан жоқ. Біз оны жасамаймыз... Шаш ал десе бас алатын адам емеспіз. Бәрін сіздермен ақылдасып жасаймыз", - деді әкім.

Сонымен қатар қала басшысы жетпей жатқан бағдаршамдарды орнатуға қалай да қаражат табамын деп сөз берді. Және үш жыл ішінде аялдамалар саны екі есеге өседі деп мәлімдеді. Ол бұл уәделерінде тұрмаса, орнын босатуға әзір екенін ашығынан айтты.

"Егер де біз оны жасамасақ, біз жұмыстан кетеміз", - деп кесіп айтты әкім.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/975007-shymkent-akimi-oz-sozinde-turmasa-qola.html