RU

Таразда өзін өртеген жігіттің өліміне қылмыс әлемінің белдісі кінәлі болуы мүмкін

Полицейлер Тараз қаласындағы "Нұр Отан" ғимаратының алдында өзін өртеген жасөспірім ісі бойынша дәлел табу үшін Талас өзенін құрғатқан. Шығын көп болғанына қарамастан, атышулы өзін өртеу оқиғасына қатысты тың дәлелдер табылды.

Бұл туралы "Времяға" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

7 мамыр күні "Сахпоселок" өңірінде 22 жастағы ауқатты отбасынан шыққан боксшы Данияр Райымбаев өлтірілді. Оны Калашников автоматымен көпқабатты үйдің ауласында атып кеткен. Одан кейін қылмыскер өзге құрбаны Евгений Симоновты дәл сол қарумен ауыр жарақаттайды. Оқ Симоновтың бел омыртқасына тиіп, жігіт мүгедектер арбасына таңылған.

Түнде тез шабуылдап, артынан айғақтар қалдырмай ізін суытқан қылмыскерді анықтау оңайға соқпады. Ешкім боксшыны не үшін өлтіріп кеткенін түсінбей дал болған.

Дегенмен Даниярдың кей жақындары оның 18 жасында болған жанжалы өліміне себепкер болуы мүмкін деген болжам жасады.

Қазасынан 4 жыл бұрын Данияр 4 адамға пышақ жарақатын салады.

Айта кетерлігі, жарақат алғандар қатарында қылмыс әлемінің белді адамдарды болған: "Стрелок" лақап атымен танымал Руслан Исраилов, оның "Эфиоп" лақап атымен танымал ағасы Бауыржан, "Доцент" лақап атымен танымал қаланы "бақылаушылардың" бірі. Олар жарақатпен емханаға түссе де Даниярдың үстінен шағымданбаған. Себебі, олай істеу өз орталарында ұятты қадам саналатын. Бұл жайтты бірінші кезекте еске алғандар қатарында Даниярдың ата-анасы бар.

"Жасырмаймын, Данияр бұзықтау болатын. Төбелескені үшін талай рет полицияға түскен. Бірақ ол қашан да әлсіздерге жақтас болып жүретін. 2011 жылы әлгі жігіттер "Толстый" лақап атымен танымал Рустамды соққыға жыққан. Оны көрген Данияр бірден көмекке шықты. 7 мамыр күні екі досымен кафеден келе жатқан ұлымды қылмыскер талдардың арасына жасырынып, атып кетті. Өкінішке қарай, сол маңда тұратындардың ешбірі ештеңе көрмеген болып шықты", - деп есіне алды Даниярдың анасы Айгүл Райымқұлова.

Сол арада бүкіл Қазақстанды дүрліктірген қорқынышты жағдай орын алады. 24 қазан күні "Нұр Отан" ғимаратына жақын орталық алаңда Ерлан Бектібаев есімді жасөспірім өзін өртейді. Ол өзіне қол салмас бұрын камераға мәлімдеме жасайды. Мәлімдемесінде 7 мамырда қаза болған Райымбаев Даниярдың ісі бойынша өзін тергеуге алған Самат есімді тергеушіні кінәлап, өзінің жазықсыз айыпталғанын айтады.

"Видеоны дұрыстап қарап шыққанда, осы акцияны бүге-шүгесіне дейін жоспарлағандардың әрекетінен есеңгіреп қалдық. Оны осындай әрекетке итермелегені айдан анық болды. Видеода мәлімдеме жасап тұрған жігітке түсіріп тұрғандардың не айту керектігін сыбырлап жатқаны да естіледі. Кейін қолындағы күртешені алып, камерамен оны өртеніп жатса да түсіріп жүреді. Сосын күртешесімен өшіргендей кейіп танытады. Оған жақындаған спорттық малақай киген жігіттің біз Руслан Исраиловтың ағасы екенін анықтадық. Кейін өзін өртеген жігіт те Русланның туысы екені және соның үйінде тұрғанын білгенде біраз дүние түсінікті бола түсті. Себебі өзін өртеген азамат тергеуші Саматты кінәлап тұр. Ал Самат бұған дейін біздің ұлымыздың өліміне қатысты тергеуді сәтті жүргізіп жатқан. Қылмыскерлердің соңына түсіп те үлгерген. Біз бұл акцияны Исраиловтың адамдары ұйымдастырғанын түсіндік. Саматқа жалған айып тағып, оны тергеуден аластату мақсатында жасалған бұл", - дейді Даниярдың әкесі Марат Райымбаев.

Даниярдың ата-анасы осы жайттан кейін құқық қорғау органдарының табалдырығын талай рет тоздырған. Алайда оларға ешкім мән бермегендіктен, Даниярдың анасы да қорқынышты әрекетке баруға бел буады.

"27 қазан күні мен ұлымның фотосы мен өзіміздің барлық арызымызды қолыма алып, "Нұр Отанның" алдына бардым. Кеңседегі бойжеткен құжаттарды алғанша, әжетханаға барып үстіме бензин құйдым. Сосын шықтым да барлық ІІД басшыларын, қала прокурорын осында шақыруды талап еттім. Бәрі бірінен соң бірі келе бастағанда, қарақшыларға не себепті жаза жоқтығын сұрадым. Олар менің ұлымды өлтірді. Байғұс баланы өртеді. Соңғы болып кірген прокурор Ернат Сыбанқұлов бұл іс жақын арада шешіледі деп уәде берді", - деп есіне алды Даниярдың анасы.

Келесі күні Райымбаевты өлтірді деген күдікпен Руслан Исраилов қамауға алынды. Ол өз кінәсін мойындаған.

"Біз Даниярдың ісіне қатысты дәлелдер таппағасын, қылмыскерді құрықтай алмай жүрдік. Мен де бейнероликті анықтап қарап шықтым. Бұл акциямен қылмыскер өзін көрсетіп қойғанын түсіндім. Бізде Даниярдың ата-аналары да білмейтін ақпарат болды. 22 қазан күні Бектібаев кезекті рет есірткімен ұсталды. Ол тергеушілермен келісімге келіп, Райымбаевтың ісіне қатысты дәлелдер тауып беруге ниеттілігін білдірді. Ол бізге Даниярды өлтіруге қолданылған, үш бөлікке бөлінген автоматтың қай жерде жасырынғанын айтуға уәде берді. Ал 24 қазанда Бектібаев өзін өртеп жіберді. Осыдан кейін келесі тұжырым жасадым. Қылмыскер Бектібаевты өртеу арқылы екі қоянды бір оқпен атпақ болған. Тергеушіден құтылып, Бектібаевты да жоқ етті. Мен енді қылмыскердің кім екенін түсіндім. Ал Даниярдың анасына мұндай қадамға барудың қажеті жоқ еді. Біз онсыз да қылмыскерді ұстайтын едік", - дейді Жамбыл облысы ІІД бас тергеушісі Георгий Габоев.

Рулсан Исраилов автоматты Таласқа лақтырғанын тергеушілерге айтып берді. 31 қазан күні Қазақстанда болмаған тергеу іс-шарасы жүргізілді. 100-ге жуық полицейлер сүңгушілер түк таба алмағасын, насоспен өзенді құрғатқан. 8 сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін әлгі автоматтың бөлшегі ақыры табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/983848-tarazda-ozin-ortegen-zhigittinh-olimin.html