Өгей қызын "қомағайлығы" үшін соққыға жыққан шымкенттік профессордың әрекеті елді шошытты
Жарияланған күні:
Шымкентте өгей қызын соққыға жыққан білдей профессор жеткіншекті мектебіне барып, қорқытып жүр. Анасының қарауынсыз жүрген кезін пайдаланған өгей әкесі сегіз жастағы Айшуаққа қоқан-лоқы көрсеткен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Егде жастағы азаматтың сорақылық қылықтарын сегіз жасар балақайдың өзі жайып салды. Тепкінің астына алатын өгей әкесі жеткіншекке ессіз әрекеттер жасаған. Ашуына мінгенде профессор сегіз жасар қыздың іш киіміне дейін жыртып, тыр жаңалаш шешіндіріп тастайды екен.
"Атам ашуланса қатты қорқамын. Мені ұрады. Анамды ұрады. Менің гамажымды жыртып тастады. Майкамды да жыртқан. Тыр жалаңаш шешіндіріп тастайды. Ол кісіден қатты қорыққанымда түнде үйден қашып кеттім. Атам жақсы еді. Бірақ, арақ ішсе болды қорқынышты болып кетеді.
Маған "Көп тамақ жей берме, Қомағайсың", - деп ұрса береді. Ал, қазір мектепке келіп жүр. Мектепте көргенімде мас боп жүр. Мен одан қатты қорқамын", - дейді өгей әкесінен қорлық көріп жүрген Айшуақ.
Өгей әкесінің мектепке келіп жүргенін анасы да біледі екен. Клара Сабированың айтуынша, оқу орнына келген егде жастағы азамат балақайды қорқытып жүр. Айшуаққа қоқан-лоқы көрсету арқылы білдей профессор ажырасып кеткен әйеліне қысым жасамақшы көрінеді.
"Қызымның қорғансыз жағдайын біліп әдейі мектепке келеді. Ол кісімен күресе шаршап кеттім. Шамам да жетпейтін шығар.Ажырасып кетсе де қорлық көрсетуін тоқтатар емес. Өзі тергеуден қашып жүр.Бірақ, полицейлер оны ұстай алмайды", - дейді Клара Сабирова.
ОҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлағанындай, бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары қылмыстық кодекстің 107 бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» екінші бөлімі бөлігі 8-тармағы бойынша жүріп жатыр. Бірақ, өгей әкесінің жеткіншекке көрсеткен ерсі қылығы тергеуде айтылғанымен, бұл жәйт бойынша іс қозғалмаған.
Полицейлер істің қозғалмау себебін құпия күйінде қалдырып отыр. Қылмыстық істің шикілігін зерттей келе Nur.kz порталы арнайы сұраныс хат жолдады. Бұл істі жүргізіп жатқан тергеуші жауап бере алмайтынын ашық айтты.
"Сұраныс хатыңызға қазіргі таңда аталған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуіне байланысты ҚПК-нің 201 бабына «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу» сәйкес, Сіздің сұрақтарыңызға жауап бере алмайтынымызды хабарлаймыз", - деді Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-нің тергеу бөлімі.
Полицейлер бұл істі жылы жауып жүргенде сегіз жастағы қызға өгей әкесі тағы да зорлық көрсете ме деп анасы қорқып жүр.
Клара Сабированың сөзінше, қызын соққыға жыққан бұрынғы күйеуі бақуатты азамат. Таныс-тамырдың арқасында ол азаматшаны жұмысынан шығартып, жасаған қылмысынан жалтарып жүр дейді.
Өйткені заңды түрде қылмыстық іс қозғалғанымен білдей профессор әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1710839-gej-kyzyn-komagajlygy-sin-sokkyga-zykkan-symkenttik-professordy-reketi-eldi-sosytty/