Түркістан облысында 26 жастағы жігіт көршілеріне оқ жаудырған
Жарияланған күні:
Түркістан облысының Түлкібас ауданында 26 жастағы жігіт көршілеріне оқ жаудырған. Салдарынан 24 жастағы жігіт және екі жасар сәби дене жарақаттарымен ауруханаға түскен деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.
Анықталғандай, көршілес жігіттер арасында бұған дейін де бас араздық болған.
1 қазан күні екеуі де өз көліктерінде келе жатып, жолда кезігіп қалады. Осы кезде арада бірден кикілжің туып, бір-бірін балағаттай бастаған.
1992 жылы туған күдікті көлігінен "Оса" атыс қаруын алып шыққанда, жәбірленуші жігіт көлігіне отырып, қаша жөнеледі.
Ашуға булыққан азамат қайтпай соңынан қуып барып, көршісінің отбасы мүшелеріне оқ жаудырған.
Оқиғадан кейін 1994 жылы туған жігіт пен екі жасар сәби дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілген. Екі жасар бүлдіршіннің атылған оқтан қолы жарақаттанған. Қазір екеуіне де дәрігерлер қажетті ем-дом жасауда.
Айта кетейік күдікті қамауға алынған. Оған қатысты Түлкібас аудандық сотының санкциясымен екі айға қамауға алу туралы қаулы шыққан.
Күдіктіге қасақана кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша айып тағылуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1756801-trkistan-oblysynda-26-zastagy-zigit-krsilerine-ok-zaudyrgan/