Ақтөбе облысында аудандық сот хатшысы өз-өзіне қол салған
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Алға ауылдық сот хатшысы өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Марқұм сот хатшысына қатысты Қылмыстық кодекстің "Қызмет бабын пайдалана отырып, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалған. Ал тәжірибелі маманның туыстары оның алаяқтық жасайтын адам емес екендігін алға тартты деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Көзі тірісінде марқұммен араласқандар оның өте мәдениетті, үнемі жайдары жүретін айтады. Өз-өзіне қиянат жасағанына сенбейді. "Қызмет бабымен істі болды" деген де тек қауесет деп отыр.
"Өзіне-өзі қол жүгірткен. Оны көршілерден естідім. Былай сауатты бала. Пара алып, ақша алып, "мен сот үкіміне әсер етем" дейтін бала емес. Себебі, үкімді ол емес, сот қой шығаратын. Сондықтан, ол балаға жазықсыздан-жазықсыз жала жабылып кетіп отыр-ау деймін. Өте мәдениетті, өте көрегенді, үлкенді сыйлайтын адам. Жұмысын атқарып жүрді", - дейді Алға ауданының тұрғыны Шахзарад Күлімов.
Марқұмның артында жолдасы, ересек ұлы мен қызы, немерелері қалыпты. Енесі келінінің соңғы уақытта "Жүрегім сыр беріп жүр" деп жиі шағымданғанын айтады.
"Жақсылығына еш кінә жоқ. Жақсы болды. Отбасында да бақытты болды. Өзім қалай болғанын білмей отырмын. Ауруханада жатыр едім, қайта-қайта звондап, "мама, қашан шығасыз?" деп сұрады. "Білмеймін" дедім. Екі немересін ертіп келді. "Білмеймін, жүрегім ауырып жүр ма" деді. Әлі сенбеймін өлгеніне, үйде жүргендей болады маған", - дейді марқұмның енесі Тәрбия Тәжікова.
Сот материалдарына сүйенсек, қаза болған сот хатшысына қатысты Қылмыстық кодекстің "Қызмет бабын пайдалана отырып жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалған екен. Істі болған жігіттің таныстары мәселені оңай шешу үшін хатшымен келіседі.
Көзі тірісінде сот қызметкері наркологиялық диспансерге алты айға еріксіз түрде емдеуге жіберілгелі тұрған жігіттің ағайынына осы мәселені шешуге көмектесе алатынын айтыпты.
"Үш жылдан бері клей иіскейтін. Айналасы, көршілерінен арыз түсті. Сосын арыз түскесін ішкі істер бөлімі ұсынысымен біз сотқа материалдар жібердік. Сосын сот шешім шығарды. Соттың шешімімен наркологияға жіберді. "Өзім барып емделем" дегесін наркологиядан психиатрияға жіберілді", - дейді Алға аудандық ауруханасының нарколог-дәрігері Қаным Нұрғалиева.
Нарколог дәрігер бұл істің сотта қаралып, кейін процесс кезінде 25 жастағы токсикоман жігіт еш мәжбүрлеусіз емделуге баратынын айтқанын жеткізді.
Ал мән-жайды білмек болып Еуразия тілшілері марқұмның бұрынғы жұмыс орнына барған. Алайда, Алға аудандық сотының төрағасы есік аузынан қайтарыпты.
"Жақсы болу - оңай емес! Ал жаман болу - бір сәтте. Оқиға болған. Айыптау актісі бар. Қысқартылған нәрсе. Мен басқа ештеңе айта алмаймын. Бәрін сіздер біліп отырсыздар", - дейді Алға аудандық сотының төрағасы Есдәуір Мұратқанов.
Айта кетейік, марқұм әйел Алға аудандық сотында бұрыннан келе жатқан қызметкерлердің бірі болған. Осында 25 жыл бойы еңбек еткен. Таныстары мен әріптестері оның өте жақсы адам болғанын айтты. Ал әйел қайтыс болған күні оны сотқа шақырған екен.
Сот хатшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын облыстық соттың баспасөз қызметі растады.
"Марқұм қызметкерге өз қызметін пайдаланумен "23890 теңгені құрайтын бөтеннің мүлкін алдау жолымен жымқырды" деген айып тағылды", - делінген хабарламада.
Кейін сотталушының қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылған.
Қаулы әлі заңды күшіне енбеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1774427-aktbe-oblysynda-audandyk-sot-hatsysy-z-zine-kol-salgan/