Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда хиджама жасатып, арқасын тілгілеген әйел өлім аузынан қалды

Жарияланған күні:

Алматылық келіншек хиджама жасатамын деп о дүниеге аттана жаздаған. Аталған оқиғаны қалалық №7 аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі растады деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Хиджама жасатқан алматылық келіншек өлім аузынан қалды
Фото: аlashainasy.kz; www.1obl.ru: UGC
"Бізге орнынан тұра алмай қалған әйледі жедел жәрдем көлігімен әкелді. Тексеру кезінде науқастың гемоглобин саны 20-ға түсіп кеткенін анықтадық. Әдетте әйел адамдардың гемоглобині 120-дан кем болмауы керек.

Кейін әйелді шешіндіріп қарасақ, арқасын кескілеп тастаған. Туыстары оның басы ауырған соң бірнеше рет хиджама алғанын айтты.

Яғни бірінші рет хиджама жасатқанда "жеңілдеп қалдым" деп, организмін демалдырмай сол аптада үш рет арқасынан қан алдыртқан",- дейді реаниматолог Есенай Бақытжанұлы.

Дәрігерлер есінен айырылған әйелдің тірі қалғанына таң қалғандарын жасырмайды.

"Гемоглобин саны 20-ға түсіп кеткен кезде миға қан жетпей, бауыр, бүйрек, өкпе өз қызметін тоқтатады. Яғни адам көп жағдайда өліп кетеді.

Мына оқиғада әйелдің тірі қалғаны өте сирек жағдай. Тағы бір айтары, оны аман алып қалу үшін тамыры арқылы бір литр қан құйдық.

Уақытылы көрсетінген көмек те оның аман алып қалды деп айта аламын",- дейді дәрігер.
Хиджама жасатқан алматылық келіншек өлім аузынан қалды
Есенай Бақытжанұлы. Фото: жеке мұрағатынан: UGC

Ақ халаттының сөзінше, хиджама жасатып, ауыр жағдайға түскен науқастар саны аз емес екен. Тіпті осындай жағдай жиі болып тұрады дейді.

"Жақында есінен танған елу жастағы азаматты туыстары әкелді. Ол да басым ауырды деп хиджама жасатып, салдарынан инсультке шалдықты.

Яғни, қанның аздығынан миға ауа жетпей қалған. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, өзіне келді.

Менің айтпағым - адамдар хиджама жасатпас бұрын толық тексеруден өтулері тиіс. Гемоглобині төмен адамдарға хиджама зиян.

Медицинада «қан ағызу» деген ем бар. Ол қаны айран секілді қоюланып, гемоглобині 200 болып кетсе, тамырына сұйықтық жіберіп, артынша артық қанды сыртқа шығарады.

Ал "басым ауырды, қан қысымым көтерілді" деп хиджама жасата бермеу керек. Денсаулығын тексеріп, бойын жеңілдеткісі келсе ең дұрысы донор болсын. (Бұрын-соңды жұқпалы дертпен ауырмаған болса - ред)

Ол жерде дәрігерлер толық тексеруден өткізіп, қажетті қанды алады. Ең бастысы ауру жұқтырмайтыңызға 100 % сенімді. Ал, 2000-5000 теңгеге хиджама жасап жүргендер нағыз алаяқтар. Тазалықты мүлдем сақтамайды, науқасты тексеруден өткізбейді",- деді реаниматолог Есенай Бақытжанұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1775053-almatyda-hidzama-zasatyp-arkasyn-tilgilegen-jel-lim-auzynan-kaldy/