Қарағанды облысында қаза болған баланың әкесі бұрынғы әйелін әрекет етпеді деп айыптады
Жарияланған күні:
Қайтыс болған үш жасар Максим Гарифулиннің әкесі бұрынғы әйелін, яғни, баланың анасын бүлдіршінді ұрлау кезінде ұлын құтқару үшін ештеңе жасамай, әрекет етпегенін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Максим менің жалғыз балам еді. Біз Никамен ажырасқанбыз. Мен ұлымның балалық шағы бақытты өтуі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Алимент төлеп тұрдым. Бірақ іс жүзінде оны анасы мен әпкесі Ники бақты. Мен ол жаман ана деп айта алмаймын. Бірақ ол осы жігітпен байланысып, ұлымды ұрлап кетуге жол берді", - дейді үш жасар Максимнің әкесі Рафаил..
Рафаил Гарифулиннің айтуынша, әйел адам 2014 жылы 17 жасында оның туған әпкесін өлтірген Игентай Сопыжановтың колониядан босануын күткен. Марқұм бес жыл бұрын олардың қарым-қатынасына қарсы болып, кездесуіне кедергі болған.
"Ол онымен сөйлесіп жүріп, мотоцикліне мінген. Мұны Бурма ауылының барлық тұрғындары көрді. Жақында ол оның үстінен "мені ұрып-соқты" деп арыз жазған. Ол оны дүкеннің алдынан күтіп алып, "Мен ол жерге қайтып барғым келмейді" деген сөздермен арызын қайтарып алуын өтінген. Ал ол бас тартқан.
Сол кезде ер адам оның қолынан ұлын жұлып алып кетті. Ол дүкеннің жанында бір сағат бойы тұрды және өз баласын құтқару үшін ештеңе жасамады. Полицияға қарай жүгірген жоқ. Мен оның содан кейін оған қоңырау шалып, сөйлесу үшін белгіленген жерге келуін сұрағанын білемін. Ол айтқанын істемеген жағдайда баланы өлтіретінін айтқан. Бірақ ол барған жоқ. Өз өмірі үшін қорықтым дейді. Нәтижесінде ол ұлымды өлтірді", - дейді Рафаил.
Рафаилдың айтуынша, ол бұрынғы әйелі мен Игенбайдың одан ақша талап ету үшін бала ұрлығын қасақана ұйымдастыруы мүмкін екенін де ойлаған.
"Маған баланы қайтару үшін ақша талап етуі мүмкін деген ой келді. Мен оны жоққа шығармаймын", - дейді баланың әкесі.
Сарапшылар баланың денесін отбасына тапсырды. Ертең, 10 қыркүйек күні жаназасын шығарады.
"Өзім жерлеймін. Біздің үйден шығарады. Максим - менің жалғыз балам", - деді ер адам.
Естеріңізге сала кетейік, қаза тапқан баланың денесі 8 қыркүйекте табылды. Күдікті кінәсін толығымен мойындады. Алдын ала болжам бойынша, ол бүлдіршінді тұншықтырып өлтірген.
Баланы ұрлауға және өлтіруге қатысы бар деген күдікті 8 қыркүйектен 9 қыркүйекке қараған түні Қарағанды вокзалында ұсталды. Ол бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталған, алайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1815463-estee-istemej-trdy-kajtys-bolgan-balany-kesi-reket-etpegeni-sin-bryngy-jelin-ajyptady/