"Өзегіміз өртеніп тұр": Ақтөбеде 10- сынып оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмды
Жарияланған күні:
Бүгін Ақтөбеде 15 жастағы мектеп оқушысы жер қойнына тапсырылды. Жеткіншектің өлімі 10 қараша күні пышақ жарақатынан болған. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы төбелестен үш бала жарақаттанған. Оның біреуі көз жұмды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Пышақ жарақатынан ауруханаға жетпей көз жұмған жасөспірім қаладағы мектептің 10-сынып оқушысы. Ол еркін күрес чемпионы. Үкілеп үміт артқан балаларынан айырылған отбасы кінәлілердің жазалануын сұрайды.
"Жауапты орындар қайда қарайды? Жап-жас бүлдіршіндер қырылысып жатыр. Прокурор, полициямыз бар дейміз, неге жас балалар, пышақпен, мылтықпен жүреді?! Бұл Ақтөбедегі мектеп оқушысы өлген бірінші жағдай емес. Өзегіміз өртеніп тұр. Барлық туыс қара жамылып отыр", - дейді жеткіншектің нағашы апасы Бақытылы Елекешова.
10 сынып оқушысы отбасында төрт баланың үлкені болған. Қайғыдан қан жұтқан жасөспірімнің туыстары кінәлілердің жазалануын сұрайды.
"Мүмкін үлкен балалар мектептерге қысым көрсетіп жүрген шығар. Сондықтан осындай жағдайлар болып жатыр. Кінәлінің жазаға тартылуын талап етеміз", - дейді туысқан ағасы Самат Исмағұлов.
Төбелес мектептің жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің арасында болған. Мектеп дәлізіне марқұм болған оқушының суреті қойылған.
"Бізге полиция бөлімінен кешкі тоғыз шамасында 10 және 11 сынып балаларының жиналғандығы жөнінде хабар келді. Артынша баланың қайтыс болғанын айтты. Мадияр тәртіпті, көп сөйлемейтін, орнықты, үлгілі бала болды. Суретті өте жақсы салатын", - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанат Еркебаева.
Оқушы толық отбасында тәрбиеленген. Туыстары бүгін, 12 қарашада жасөспірімді Хромтау ауданындағы туыстарының қасына жерлеген.
Ал "Заречный 3" ауданында болған төбелестен жарақаттанған оқушыны теміржол ауруханасына кімнің әкелгені белгісіз.
"Оқиға болған күні кешкілік аурухананың қабылдау бөліміне біреулер көмек сұрап, аурухана жанында пышақ жарақатын алған науқастың бар екенін айтты. Медбике жедел жәрдем шақыру керектігін немесе науқасты ауруханаға жеткізу керектігін ескерткен. Хирург астыға түскенше аурухананың жанына жәдел жәрдем де келген. Бірақ қабылдау бөліміне ешкімді әкелмеген. Жедел жәрдем қызметі шақыртуға 5 минутта жеткенімен кеш болған", - дейді теміржол ауруханасы директорының орынбасары Айман Бірімбетова.
Бүгінде оқушы өліміне қатысты күдікті қолға түскен. Полиция қызметкерлері ата-аналарға тағы да ескерту жасады.
"10 қараша күні кәмелетке толмаған балалар арасында төбелес болған. Төбелес кезінде бір бала көз жұмып, қалған екеуі пышақ жарақатын алған. Қазіргі уақытта күдікті қолға түсті. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-тармағының 1, 7 ,9, 14 бөлімдері бойынша сот алды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Соған байланысты, Полиция департаменті балалардың тәрбиесіне дұрыс қарау ата-ананың бірінші міндетін екенін алға тартып, ата-аналардан балаларының заңға қайшы әрекет етпеулерін сұрайды.
ҚР ҚК 15-бабы негізінде 14 жасқа толған балалар қылмыс жасаған уақытта заң алдында жауап береді. 99-бап -кісі өлтіру, 106- бап-денсаулыққа ауыр түрде нұқсан келтіру, 279-бап-жалған ақпарат берген жағдайда және басқа да ауыр қылмыс жасаған кезде жауапқа тартылады", - дейді облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1826877-zegimiz-rtenip-tr-aktbede-10--synyp-okusysy-pysak-zarakatynan-kz-zmdy/